2024 жылы Алматы қаласында 380 мыңға жуық тұрғын жалпы сомасы 46 миллиард теңгеге тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Олардың қатарында қарапайым препараттармен қатар бір қаптамасының құны 34 миллион теңгеге дейін жететін жоғары бағалы дәрілер де бар. Бұл туралы медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының директоры Ілияс Мұхамеджан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
«Алматылықтарға парацетамол сияқты қарапайым препараттармен қатар, жұлынның бұлшықет атрофиясы сияқты ауыр ауруларға арналған өмірлік маңызды дәрі-дәрмектер де берілді», – деп атап өтті Ілияс Мұхамеджан.
Сонымен қатар, қормен стоматологиялық қызметтерге 3 млрд теңге төленді. Оның ішінде, жақ-сүйек ақауымен туған балаларға арналған ортодонттық көмек те бар.
Спикердің айтуынша, халықтан келіп түскен өтініштермен де белсенді жұмыс жүргізілуде. 2024 жылы алматылықтардан Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, msqory.kz сайты және 1414 байланыс орталығы арқылы 13 033 өтініш келіп түсті.
«Өтініштер арасында медицина қызметкерлеріне алғыс білдірген хаттар да, шағымдар мен консультациялық сипаттағы сұрақтар да бар. 2025 жылдың бірінші тоқсанында өтініштер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға азайып, жүйенің жұмысындағы жақсартуларды көрсетті», – деп атап өтті Ілияс Мұхамеджан.
Ол қордың медициналық ұйымдармен және пациенттерді қолдау қызметтерімен бірлесіп, мәселелерді «осында және қазір» шешу үшін ынтымақтастықты жалғастырып жатқанын атап өтті.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ