Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының қабылдау бөлімінің меңгерушісі, балалар хирургі және травматолог Мейіржан Құрманәлиев ата-аналар мен балаларға қауіпсіздік шаралары жайлы кеңес берді.
Маманның айтуынша, балалардың жарақат алуы жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі жағдайда орын алады:
«Мектепке дейінгі балалардың жарақат алуына көбіне ата-ананың жеткілікті қадағаламауы себеп болса, ал мектеп жасындағы балалар көбіне ойын кезінде немесе спортпен шұғылданып жүріп жарақат алып жатады», – деді дәрігер.
Статистикаға сүйенсек, жарақат алғандардың басым бөлігі – оқушылар. Бұл көбіне олардың ата-ананың назарынан тыс қалуынан, сондай-ақ мектеп пен үй арасындағы еркін қозғалыс кезеңінен туындайды. Ең жиі кездесетін жарақаттар – аулада немесе спорт кезінде алған жарақаттар.
Жарақаттанудың негізгі себептері:
-
Балаға дұрыс қарамау – 45%
-
Байқаусызда болған жағдайлар – 25%
-
Оқыс оқиғалар – 2%
-
Жол апаттары мен басқа себептер
2023 жылдың ішінде Алматы қаласындағы екі ірі балалар ауруханасына (№2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы және Балаларға шұғыл көмек көрсету орталығы) 104 мыңнан астам бала жүгінген. Оның ішінде:
-
21,8 мың – нейрохирургиялық мәселемен;
-
48 мыңға жуық – жарақаттанумен;
-
3,3 мың – нейрохирургиялық диагнозбен ауруханаға жатқызылған;
-
3,9 мың – түрлі жарақатпен түскен;
-
1,6 мың – күйік шалып, оның 1 мыңнан астамы ауруханаға жатқызылған.
2024 жылдың алғашқы бес айында Балаларға жедел көмек орталығының қабылдау бөліміне 19,6 мың бала түсті.
«Травматология бөлімі күнделікті ата-аналармен жұмыс істеп, баланың қауіпсіздігі туралы кеңестер береді. Сонымен қатар, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқыту семинарларын да өткіземіз», – дейді Мейіржан Құрманәлиев.
Дәрігер ата-аналарға төмендегідей кеңес береді:
-
Баламен үнемі жолда жүру ережелері туралы сөйлесіп тұрыңыз;
-
Шұғыл қызметтердің нөмірі қолжетімді жерде жазулы тұрсын;
-
Қауіпсіздік ережелерін үнемі балаға түсіндіріп отырыңыз;
-
Дәрі-дәрмекті баланың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз;
-
Балаңызды судың жанында қараусыз қалдырмаңыз.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ