Алматыда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Бала қауіпсіздігі – басты назарда» атты кең ауқымды іс-шаралар кешені өтті. Осыған орай Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Іс-шараның маңызы мен мазмұны туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Жұматаев баяндап берді.

Іс-шаралар аясында БАҚ пен әлеуметтік желілерде 724 ақпараттық материал жарияланып, ата-аналар мен балаларды қосқанда шамамен 15 мыңға жуық адам қамтылды.

Жұматаевтың айтуынша, бұл шаралар Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда көтерген «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, балаларға қауіпсіз өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға, өрт сөндіруші мен құтқарушы мамандығына деген құрметті арттыруға бағытталған.

Атап айтқанда, 29 мамырда Медеу ауданы әкімдігінің, Республикалық жедел-құтқару жасағы мен ҚР ТЖМ Төтенше медицина орталығының қолдауымен 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өткен кең көлемді шараға 500-ге жуық бала қатысты. Балалар өрт сөндіру және құтқару техникаларымен, кинологиялық қызметтің жұмысымен танысып, алғашқы медициналық көмек көрсету мен төтенше жағдайдағы мінез-құлық ережелері бойынша шеберлік сабақтарына қатысты.

Сонымен қатар, балалар арасында «Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер балалар көзімен» атты сурет байқауы өткізіліп, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды. Іс-шараға балалар зор ынтамен атсалысты.

Көңілді атмосфераны аниматорлар мен Алматы қаласының символы — барыс қалыптастырды. Қатысушылар ҚР ТЖ министрінің бейнеқұттықтауын тыңдап, қауіпсіздікке қатысты бейнероликтерді тамашалады.

Балалардың әлеуметтік осал санаттары да назардан тыс қалмады. 26 мамыр күні ТЖД мамандары SOS Children’s Village Almaty балалар ауылында «Қауіпсіздік шекарасыз» атты көшпелі іс-шара өткізіп, балаларға өрт кезіндегі эвакуация ережелерін түсіндіріп, арнайы техника мен жабдықтарды көрсетті. Сонымен бірге, арнаулы киім кию жарысы, алғашқы көмек көрсету және суда қауіпсіздік бойынша дәрістер ұйымдастырылды.

Іс-шара қуыршақ театрының қойылымымен, балаларды марапаттау және сыйлықтар табыстаумен аяқталды.

Сонымен бірге, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында емделіп жатқан бүлдіршіндерге арнап арнайы мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылып, Бостандық ауданының ТЖ басқармасы Республикалық спорт колледжінде жүзуді үйрету сабағын өткізді.

Департамент өкілдері мұндай іс-шаралар балалардың қауіпсіздікке деген саналы көзқарасын қалыптастыруда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ