Алматы қаласында көктемгі кезеңде өткен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тұрғындар, еріктілер, студенттер, оқушылар, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері бірігіп, ауқымды экологиялық жұмыстар атқарды. Экология департаментінің мәліметінше, наурыз айынан бері қала бойынша 15 ірі экологиялық іс-шара өткізілген.
Жалпы 115 665 адам қатысқан бұл бастаманың нәтижесінде 9363 тоннадан астам қоқыс жиналып, 19 275 түп ағаш отырғызылған. Ел бойынша ұйымдастырылған 26 шараның 15-і Алматыда өткен.
Маусымның басты оқиғасына айналған «Таза қала» акциясы 15–29 наурыз аралығында өтті. Бұл шараға депутаттар, спортшылар, өнер жұлдыздары, жастар ұйымдары және коммуналдық қызмет өкілдері сынды 25 600-ден астам адам атсалысып, 170 арнайы техника жұмылдырылды. Қаладағы саябақтар, аулалар, алаңқайлар мен қоғамдық кеңістіктер тазартылып, 5 мыңға жуық алма, акация және үйеңкі ағашының көшеттері отырғызылды.
27 наурызда кәсіпкерлердің қатысуымен өткен «Таза кәсіп — таза аймақ» атты акция аясында да ауқымды жұмыс жүргізілді. Бұл шараға 1600 адам қатысып, бизнес нысандарына жақын маңдағы аймақтар тазаланды. Жетісу, Медеу және Алмалы аудандарының кәсіпкерлері белсенділік танытып, өз аумақтарын, жол жиегін, арықтарды және ғимарат маңын ретке келтірді. Нәтижесінде 2393 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
5 сәуір күні «Таза жағалау» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, Керей-Жәнібек көшесі мен Есентай өзенінің жағалауы тазартылды. «Медеу» орман шаруашылығы және «ECO Almaty» ЖШС өкілдерінің бастамасымен өткен сенбілікке 120-дан астам ерікті мен тұрғын қатысып, 5000 тоннадан астам қоқыс жиналды.
Экологиялық білім беру де назардан тыс қалған жоқ. Наурыз–сәуір айларында жоғары оқу орындарында «Табиғат біздің көмегімізге мұқтаж» атты эко-сағаттар өтіп, оған 35 ЖОО-нан 47 530 студент қатысты. Мектеп оқушылары арасында «Қазақстанның экологиясын жақсартуға қандай үлес қоса аламын?» деген тақырыпта өлең шығару байқауы ұйымдастырылып, 22 мектептен келген оқушылар ішінен 6 үздік жеңімпаз анықталды.
Сәуірде мектеп түлектері үшін «Түлектердің ағаш егуі» атты экочеллендж өтті. 216 мектептен 12 мыңнан астам оқушы қатысып, 7285 ағаш көшеті отырғызылды. Сондай-ақ PowerTech EXPO аясында «Қалдықсыз болашақ» көрмесі ұйымдастырылып, қалдықсыз өндіріс пен қайта өңдеу саласына арналған 100 жоба таныстырылды. Көрмені 2000-нан астам адам тамашалады.
22 наурызда өткен «Жер сағаты» шарасы аясында 43 сауда және ойын-сауық орталығы, 100 кафе мен мейрамхана бір сағатқа жарықтарын өшіріп, қоғамның назарын климат өзгерісіне аударуға тырысты.
5 маусым – Экологтар күні қарсаңында «Таза Қазақстан – табиғатқа кім, қалай көмектесе алады?» атты ашық акция, студенттердің экологиялық нысандарға экскурсиясы, жағалаулар мен қала аумағын тазалау мақсатындағы «Таза аймақ» жалпыреспубликалық шарасы өтеді. Бұдан бөлек, балалар үйінде экология тақырыбындағы сурет байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар 5 маусымда марапатталады.
13 мамырда өткен «Таза ауа – таза қала» акциясы көктемгі кезеңнің қорытынды іс-шарасы болды. Оның мақсаты – Алматыдағы ең таза ықшамауданды, ең күтімді көшелер мен тұрғын үй кешендерін анықтау. Нәтижелері мамырдың соңында жарияланады.
«Таза Қазақстан» көктемгі акциясы Алматының экологиясын жақсарту үшін барлық тараптың – тұрғындар, бизнес, білім мекемелері мен жергілікті биліктің – біріге әрекет етсе, үлкен нәтижеге жетуге болатынын дәлелдеді. Бұл тек ағаш егу немесе сенбілік қана емес, бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға жасалған маңызды қадам. Алматының болашағына бағытталған бұл бастама енді ғана жолға қойылуда», – деп атап өтті Экология департаментінің мамандары.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ