Алматыдағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті басшысының орынбасары Шынарай Әлімхан қатысқан брифинг болып өтті. Спикер онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беруді дамытып, мемлекеттік қызметшілер арасында этикалық стандарттарды нығайтуды көздейтін негізгі бағыттарды таныстырды.

Шынарай Әлімханның айтуынша, адалдыққа үндеу – мемлекеттің дамуы мен азаматтардың мемлекеттік органдарға сенімін арттыратын негізгі фактор.

«Сыбайлас жемқорлық қоғамның сенімін әлсіретеді, экономиканың дамуын тежеп, мемлекеттік ресурстарды әділ бөлуге кесірін тигізеді. Біз құқықбұзушылыққа қарсы жұмыс істеп қана қоймай, сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін мәдениет қалыптастыруды да көздейміз», – дейді ол.

Жемқорлыққа қарсы білім беруді қолға алу басты шаруа болып қалды. Ол оқушылар, студенттер мен мемлекеттік қызмет саласында жүргізілмек.

Мектептер мен жоғары оқу орындарында «Адал ұрпақ», «Адал білім», «Саналы ұрпақ» сияқты жобалар енгізіліп жатыр. Бұлар заңды құрметтеп, адал, жауапты болу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Студенттер мен оқушылар сыбайлас жемқорлыққа жол беретін нәрселерді анықтауға арналған интерактивті тренингтер мен практикалық сабақтар оқиды.

«Біздің мақсатымыз – адалдық, ашықтық пен заңдылықты жастардың санасына құйып, оны өмірлік ұстанымына айналдыру», – дейді спикер.

Екінші маңызды бағыт – мемлекеттік қызметтің этикалық нормаларын нығайту. Этика кодексі мемлекеттік қызметшінің азаматтармен, әріптестермен қарым-қатынасы мен шешім қабылдау кезіндегі әрекетін реттейтін күнделікті өмірде қолданатын құрал болып қалмақшы.

Мүдделер қақтығысына жол бермеу, процестердің ашықтығы мен қызметтік қарым-қатынас мәдениетін дамыту жағына да ерекше назар аударылып отыр.

«Сыбайлас жемқорлық – сыйлық алуға құмарлық, қызметтік өкілеттігін жеке мақсатқа пайдалану сияқты күнделікті өмірдегі ұсақ құқықбұзушылықтан басталады. Әр қызметкер мұндай әрекеттері үшін жауапқа тартылатынын түсіне білуі тиіс», – деп атап өтті Шынарай Әлімхан.

Осыған байланысты әр қызметкердің жеке жауапкершілігін қалыптастырып, мемлекеттік органның басшыларына қойылатын талапты күшейте түспек.

Ол жұмыс мына бағыттарды қамтиды:

  • мемлекеттік қызметкерлер арасында адалдық мәдениетін дамыту;
  • этикалық нормалар мен жемқорлық жөнінде білімін арттыру;
  • басшылардың ұжым алдындағы жауапкершілігін арттыру;
  • мемлекеттік органдарға ашық әрі түсінікті регламенттерді енгізу.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ