Алматы қаласы әкімі аппаратының этика жөніндегі уәкілі Мамай Ахетов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мемлекеттік қызметшілер арасындағы этикалық стандарттарды нығайту мен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында қолға алынған жұмыстарын таныстырды.

Спикердің айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің Этикалық кодексі – мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің кәсіби мінез-құлқын, олардың елмен, әріптестерімен қарым-қатынасын және заңдылықты сақтау талаптарын айқындайтын негізгі құжат саналады.

«Этикалық кодекс адалдық, ашықтық, әділдік және жауапкершілік сияқты базалық құндылықтарды бекітеді. Оның міндеті – азаматтардың мүдделерін қорғау, мемлекеттік органдарға деген сенімді нығайтып, сыбайлас жемқорлыққа жол беретін тәсілдерді азайту», – дейді Мамай Ахетов.

Этика жөніндегі уәкілдер институты 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір Алматыда 9 уәкіл қызмет атқарады (1 – штаттық, 8 – қосымша функциялар жүктелген). Олардың міндеті – кеңес беріп, құқықбұзушылықтардың алдын алу, заңнама нормаларын түсіндіру мен ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды қолдап отыру.

2025 жылы этика жөніндегі уәкілдер:

  • қалалық басқармалар мен аудандық әкімдіктерде шамамен 400 дәріс пен семинар,
  • мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға 700-ден астам кеңес
  • қала мен аудан әкімдіктерінде 396 жеке қабылдау өткізген.

Іс-шаралардың көпшілігі Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментімен бірлесіп ұйымдастырылған.

Құмар ойынына тәуелділіктің алдын алу да қаперде.

Мамай Ахетовтың айтуынша, құмар ойындарына тәуелділік қаржыдан қиындық көруге, жұмыстың өнімділігінің төмендеуі мен сыбайлас жемқорлыққа бейімділіктің артуына әкеп соғуы мүмкін.

«Біз лудоманияны осындай фактор ретінде қарастырамыз. Тәуелділік қызметкерді заңсыз әрекетке итермелеуі мүмкін, сондықтан оның алдын алуды жүйелі түрде жүргізіп отыруымыз керек», – деді ол.

Этика жөніндегі уәкілдер заңнамада көзделген шектеулер, жеке жауапкершілік пен Этикалық кодекс талабын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Сонымен қатар, этика жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметте зайырлылық принципін сақтаудың маңызын атап өтті. Мемлекеттік қызметшілерге діни топтардың сойылын соғуға, діни үгіт жүргізуге немесе жұмыс орнын діни материалдарды тарату үшін пайдалануға тыйым салынған.

Радикалды ағымдардың ықпалының алдын алу мақсатында:

  • ақпараттық-түсіндіру кездесулері,
  • қауіп-қатерді бақылау,
  • Дін істері басқармасы мамандарының қатысуымен діни сауаттылықты арттыру жұмыстары жүргізіледі.

Мамай Ахетовтың айтуынша, мемлекеттік қызмет меритократия, ашық бәсеке мен тиімділікті объективті бағалау қағидатына сай дамып жатыр.

Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру азаматтар мен қызметкерлер арасындағы тікелей байланысты азайтып, сыбайлас жемқорлықтың жолын кеседі. Дегенмен басқару мәдениеті, басшылардың жауапкершілігі мен этикалық нормаларды сақтау маңызды бағыт болып қала береді.

«Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің көзі, құлағы һәм тілі. Оның әрекеті қоғамның сенімі мен бүкіл жүйеге жанама әсер етеді. Сондықтан этика мен қызмет мәдениетіне көп көңіл бөлінеді», – деп қорытындылады ол.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ