Алматыда 2025 жылғы тұрғын үй саясатының қорытындысы шығып, баспана бөлу тәртібіндегі өзгерістер, жастарды қолдау бағдарламаларын кеңейту, кезектің өсуі мен жалдамалы пәтерлерге бақылаудың күшеюіне қатысты тың мәліметтер жария болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев хабарлады.

Оның айтуынша, кезек жүйесі «Отбасы банкке» берілгеннен кейін өтініш берушілердің саны 80 870 адамға жеткен. Бұл жыл басындағымен салыстырғанда 36 мыңға көп. Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін үш жылдық тіркеу талабының алынып тасталуы, табыс бойынша шектеудің болмауы мен Алматыда тұратын барлық кәмелетке толған азаматтың кезекке тұра алу мүмкіндігі сияқты өзгерістерге байланысты осылай болды.

Жыл соңына дейін Алатау мен Түрксіб ауданындағы жаңа тұрғын үй кешеніндегі 876 пәтерді тапсырады. 70% пәтер ардагерлерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектігі барларға, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғандарға берілмек. Қалған 30% - осы санатқа кірмейтін азаматтарға беріледі.

Заңсыз субаренда мәселесіне ерекше назар аударылды. Тексерулер барысында жастарға арналған жалдамалы пәтерді 160 адамның осы жолы заңсыз жалға бергені анықталды. Оның ішінде 145 пәтер ерікті түрде босатылып, қалған 15-сі бойынша қазір сот болып жатыр.

Брифинг барысында Алмасхан Сматлаев «Алматы жастары» бағдарламасының нәтижелілігін атап өтті. Бағдарлама іске қосылғалы бері 8228 жеңілдетілген несие берілді, олардың 2177-сі - биыл. Жалға алушыларды қолдау үшін қосымша 200 жеңілдетілген несие қоры құрылды. Сондай-ақ 2025 жылы 48 тұрғын үй сертификаты берілді, 639 отбасы жалдау ақысына субсидия алып жатыр.

«Біздің міндет - әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету. Біз бақылауды күшейтіп, бағдарламаларды кеңейтіп, жастар мен әлеуметтік осал отбасылардың баспана сатып алуына немесе жалға алуына нақты мүмкіндік жасаймыз», - деп атап өтті Алмасхан Сматлаев.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ