2025 жыл Алматы үшін экономикалық, инфрақұрылымдық және мәдени тұрғыдан айтарлықтай өзгеріске толы жыл болды. Белгілі экономистер, қоғам қайраткерлері, бизнес, мәдениет пен азаматтық қоғам өкілдері жылдың қорытындысына қатысты пікір білдіріп, ең маңызды өзгерістерді атап өтіп, сондай-ақ қалада әлі де дамытуды қажет ететін бағыттарды айқындады.

Айдархан Құсайынов, экономист, ҚР Ұлттық банкі төрағасының бұрынғы кеңесшісі, экономика жөніндегі кітаптардың авторы

— Шынында да, 2025 жылы Алматының экономикалық нәтижелері көңілге сенім ұялатады. Бұл, әсіресе, қала тұрғындарының әл-ауқатынан байқалады: жалақысы жағынан алматылықтар республикалық орташа көрсеткіштерден айтарлықтай озық тұр. Нақты айтқанда, кем дегенде тоғыз айдың қорытындысы бойынша халық табысы өсті.

Бұл Алматы экономикасының ерекшелігімен байланысты. Қала өзінің маңыздылығының арқасында ел экономикасын айқындайды. Шаһардың жақсы көрсеткіштері жалпыұлттық нәтижеге де елеулі үлес қосты. Экономикалық өсім адамдардың өміріне тікелей әсер етіп, ол көбірек табыс табуға мүмкіндік береді.

Биыл инвестициялар да айтарлықтай өсті. Алматы үшін бұл заңды құбылыс: қала іскерлік орталық болып қала береді, бизнес бұл жерге ақша салуға ынталы. Салық түсімі бойынша да ілгерілеу байқалады. Қала нарық көлемі мен ақша айналымы жағынан іс жүзінде өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жетті. Бұл жерде шағын және орта бизнестен түсетін салықтың қалалық бюджетке берілгені үлкен рөл атқарды.

2025 жылы Алматы елдің іскерлік орталығы ретіндегі мәртебесін сақтап қана қоймай, оны күшейтті деп сеніммен айтуға болады.

Алматылық ретінде мені қаланың сыртқы келбетінің өзгергені де қуантады. Жақында Сайран көлі маңында серуендеп қайттым. Ол жер шынымен әдемі, жайлы болыпты. Әлеуметтік желілердегі сын-пікірлерді шынымды айтсам, түсінбеймін. Бұл өте сәтті жоба. Сайран көлін жаңартқаны мен үшін биылғы ең жағымды жаңалық болды.

Қайыржан Әбдіхалықов, Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Алматы Азаматтық Альянсы» ЗТБ төрағасы, КБТУ профессоры

— 2025 жылы Алматыда қалалық инфрақұрылымды дамытатын қыруар жұмыс қолға алынды. Ең алдымен бұл көлік-логистикалық байланыстарды ұйымдастырып, қоғамдық көліктің жұмысы жақсарып қалғанынан байқалады.

Сонымен қатар су, жылу, электр мен газбен қамту жүйелерін жаңғырту белсенді түрде жүріп жатыр. Биыл қала орталығында да, шет аймақтарда да жаңа шамдар орнатылып, көше жарығы жақсарды. Бұрын нашар жарықтандырылған көшелер қазір қауіпсіз, қолайлы болып қалған.

Бұл өзгерістің барлығы ең алдымен тұрғындардың жағдайын жасап, қауіпсіздігін арттыруға арналған. Көшелер мен аулалар да абаттанып жатыр. Ол келер жылы да жалғасады деп үміттенемін.

Алматыны дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы мен 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламада орнықты даму мақсатына байланысты көптеген индикатор бар. Бұл қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде жоспарлап дамытуға мүмкіндік береді.

Абаттандыру, көгалдандыру, ағаштар мен бұталар егу қаланың экологиялық жағдайын тікелей жақсартады. Әрине, су, электрмен қамту, ауа сапасы секілді шешілмеген мәселелер әлі де бар. Бірақ әкімдік ғалымдармен, қоғам белсенділерімен бірлесіп, қала өмірін жайлы ете түсу үшін оңтайлы шешімдер іздеп жатыр.

Мұхтар Айсауытов, ҚР еңбек сіңірген құрылысшысы, Қазақстандағы бес ірі құрылыс компаниясының алғашқы басшысы болған

— Биыл Алматыда қызықты нысандар көп салынды. Екі жаңа музей ашылды, Сайран көлінің жағалауы қайта жаңғыртылды. Соңғы уақытта жалпы құрылыс мәселелеріне көбірек көңіл бөлініп жатыр. Мен мұны жаңа әкім Дархан Сатыбалдының келуімен байланыстырамын. Ол бұл саланы жақсы біледі, мердігерлерді бақылап, жұмыстың сапалы істелуін талап етіп отырады үнемі.

Үйлер бір-біріне тым жақын, кіреберісі, аулалары мен балалар алаңы жоқ ретсіз құрылыстың тоқтағаны да дұрыс. Қазір көзқарас өзгеріп келеді. Бұл өте дұрыс шешім.

Қаланы салу керек, бірақ сауатты түрде салу керек. Тауға қарай жылжымай, орталықты тарылтпай, Алматыны Жансүгіров көшесі мен әуежайға қарай дамыту керек. Бұл қаланы ыңғайлы, әдемі, экологиялық тұрғыда да таза етеді.

Жангелді Сүлейманов, адвокат, «Suleiman&Partners» басқарушы серіктесі, «Халық заңгері» акциясының бастамашысы

— Маған жылдың басты оқиғасы мадридтік «Реал» футбол клубының келгені болды. Бұл — әлемдегі ең атақты клуб. Әлемдік футбол жұлдыздарының келуі нағыз мерекеге айналып, қала билігі де қонақтарды қабылдау мен қауіпсіздік мәселесін лайықты деңгейде қамтамасыз етті.

Футболшыларға да Алматы қатты ұнаған. Бұл таңқаларлық нәрсе емес. Қала әлемдегі үздік тәжірибелерге сай дамып, жасыл-желегі жайқалып, экологиясы таза болуына басымдық беріп отыр. Сайран тұрғындар мен туристер үшін тартымды жерге айналды.

Терренкур да соған мысал. Табиғатқа жақын болу үшін әуре болып қала сыртына шығып керегі жоқ енді. Бәрі жаныңда тұр.

Қоғамдық кеңістіктер көбейіп келеді, адамдардың да өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Біз қаланы өзгертсек, қала да бізді өзгертеді.

Ақмаржан Көшербаева (KALIYA), әнші, қоғам қайраткері, БҰҰ Халық қорының (ЮНФПА) Қазақстандағы Құрметті елшісі

— Мен үшін ең маңызды оқиғаның бірі — Алматыда Museum of Arts музейінің ашылуы болды. Бұл қала үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға. Біз әлемдік арт-кеңістіктер картасына кірдік. Әлемге әйгілі суретшілердің туындыларын өз елімізде көру — ол да бір мәртебе, үлкен құндылық.

Кәсіпкер Нұрлан Смағұлов музейге өз қаражатынан шамамен 300 миллион доллар салды, әкімдік жер телімін бөліп, жобаны қолдады. Қалалық биліктің мұндай бастамаларға кедергі жасамай, керісінше мәдени ортаны дамытуға көмектесуі құптарлық нәрсе.

Жаңадан ашылған «Целинный» ірі арт-орталыққа айналды. Әлемдік әртістермен коллаборацияда жұмыс істейтін дарынды жас суретшілер көбейіп келеді. Бұл тұрғыда Алматы заман талабына сай дамып отыр.

Жаңартылған Терренкур, серуендеу бағыттары, мәдени іс-шаралар — мұның бәрі қаланы тартымды ете түседі. Шетелдіктер де осы үшін келіп жатыр. Алматыны шын жүректен сүйіп, оның дамуына үлес қосуға дайын адамдардың арқасында қала жыл сайын құлпырып барады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ