Алматы қаласындағы Ерте араласу орталығында 167 бала мен олардың үй-ішіне көмек беріліп, барлығы 4 717 қызмет көрсетілді. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ерте араласу орталығының директоры Нұрзия Әлімбекова осылай деп хабарлады.

Спикердің айтуынша, баланың дамуындағы қауіп-қатерді ерте анықтау, отбасына кешенді қолдау көрсетіп, балалардың әлеуметтік әрі білім беретін ортаға табысты кірігуіне барынша жағдай жасау орталықтың негізгі міндеті.

«Орталық жұмысының басты бағыты – баланың дамуындағы қауіптерді ертерек анықтап, отбасын қолдау мен баланың әлеуметтік әрі білім беру ортасына тез кірігіп кетуіне ықпал ету. Мұндай тәсіл баланы алдағы білім беру науқанына бейімдеуге мүмкіндік береді», – деді Нұрзия Әлімбекова.

Директордың айтуынша, орталыққа жүгінген балалардың 82%-ы даму қаупі бар топқа жатады екен. Балалардың 33%-ында қалыпты даму динамикасы байқалған, 21% -ы сүйемелдеуді аяқтап, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баруға дайындалған. Жеке ерте көмек беретін бағдарламалар бойынша біраз жұмыс істеліп, даму динамикасына үзбей бақылау жасалады.

Орталықта сөйлеу мен коммуникацияны дамыту, қимыл-қозғалыс, танымдық белсенділік, өз-өзіне қызмет көрсету дағдысын қалыптастыру бойынша қызмет көрсетіліп, сондай-ақ ата-аналарға психологиялық кеңес беріп, балалардың әлеуметтенуіне барынша жағдай жасауға тырысады.

«Ерте араласу жобасын әлеуметтік қолдаудың тұрақты жүйесі ретінде қарастырып отырмыз, қызмет желісін кеңейтіп, кадрлық әлеуетті арттыру есебінен алдағы уақытта оны әлі де дамытамыз», – деп атап өтті спикер.

Алдағы уақытта қызметтер желісін кеңейту мен кадрлық әлеуетті ұлғайту жағы жоспарланып отыр. Биылғы сәуір айына қарай Орталықтағы мамандардың саны 26 адамға жетпек.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ