Алматында алғаш рет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған мекемеаралық жоспар әзірленіп жатыр. Бұл құжат алдын алу жұмысын күшейтіп, зорлық-зомбылықты ерте анықтап, зардап шеккендерге көмек көрсету жүйесін жетілдірмек. Мамандардың айтуынша, әйелдер көбіне жылдар бойы жәбір көріп, жаны қатты қысылғанда ғана көмек сұрайды екен.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Дағдарыс орталықтары одағы заңды тұлғалар бірлестігі басқармасының төрағасы Зульфия Байсақова қазір қандай көмек аса қажет екенін, неге жәбірленушілер қол көтеріп, күш көрсеткен адамға кейін қайтып оралатынын брифингте журналистерге баяндап берді.

Спикердің сөзінше, зардап шеккендер ең алдымен психологиялық қолдауға мұқтаж екен. Әйелдер мен балалар өзі-өзіне келіп, қорқыныш пен үрейді жеңіп, осындай оқиғаның салдарын еңсеру үшін көмекке жүгінеді. Сонымен қатар уақытша баспана, құжаттарды қалпына келтіру, жұмысқа орналасу мен жәрдемақы алу сияқты әлеуметтік көмекке де сұраныс жоғары болып отыр. Құқықтық қолдау оларға қорғаныс нұсқамасын рәсімдеп, ажырасу, алимент өндіру мен балалардың құқықтарын қорғау кезінде де қажет болады.

«Әйелдер ұзақ жыл бойы жәбір көріп, қатты қиналғанда ғана көмек сұрайды. Негізгі кедергі - зорлық-зомбылықтың күшеюінен қорқады, агрессорға экономикалық тәуелділік, үй-ішінің қысым көрсетуі мен қоғамның айыптауынан қауіптену. Көбі зорлық көргеннен кейін райымнан қайтып, өзгеремін деген уәдеге бола қайтып оралады», — деді Зульфия Байсақова.

Дағдарыс орталықтары одағының мәліметінше, елде мемлекеттік және үкіметтік емес дағдарыс орталықтарының желісі жұмыс істеп жатқанымен, олардың сұранысты толық өтуге әлі де қауқары жетпей отыр екен. Олар әзірге қауіпсіз кеңістік ұсынып, орналастырып, кешенді қолдау көрсетеді.

Психологиялық көмекке дағдарыстық кеңес беру, жеке терапия, психологиялық жарақатпен жұмыс, топтық сабақ пен зорлық-зомбылыққа куә болған балаларды сүйемелдеу кіреді. Қолдау көрсету мерзімі жағдайға қарай бірнеше кеңестен бірнеше айға дейін созылуы әбден мүмкін.

«Өкінішке қарай, әйелдердің көбі бұрынғы өміріне қайтып оралып жатады. Негізгі себеп — тұрғын үйдің жоқтығы, ақшадан тарығу, баланың болуы, туыстардың қысымы мен бауыр басып қалуы. Зорлық-зомбылықтан шығу — қауіпсіздік пен дербестікті қалпына келтіруге бағытталған ұзақ процесс. Сондықтан ұзақ мерзімді қолдау аса қажет», — деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, Қазақстанда зардап шеккендерге шұғыл баспана, қорғаныс пен әлеуметтік қызметтердің қолдауын ұсынатын дағдарыс орталықтары мен уақытша паналау орындары жұмыс істейді. Сонымен қатар қорғаныс нұсқамалары, әкімшілік және қылмыстық шаралар, агрессорды уақытша оқшаулау тетіктері қарастырылған. Дегенмен мұндай механизмдердің қолжетімділігі, әсіресе паналау орындарындағы орын саны мен мекемеаралық әрекет ету жылдамдығы әлі де жетімсіздеу болып отыр.

Соңғы жылдары дағдарыс орталықтарының полиция және сот органдарымен өзара іс-қимылы күшейіп келеді. Қазіргі таңда мамандар полиция қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, дағдарыс орталықтары сүйемелдеу мен оңалтуды жүзеге асыратын, соттар қорғау және жауапкершілік шараларын қолданатын бірыңғай әрекет ету жүйесін құруға басымдық беріп отыр.

«Алматы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кешенді мекемеаралық тәсіл жүйелі түрде қалыптасып жатқан алғашқы қаланың біріне айналып отыр. Қала әкімінің тапсырмасымен алғаш рет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған мекемеаралық жоспар әзірленіп жатыр. Ол профилактиканы күшейтуге, зорлық-зомбылықты ерте анықтап, психологиялық әрі әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған», — дейді Зульфия Байсақова.

Сондай-ақ Дағдарыс орталықтары одағы Қазақстан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерді, оның ішінде БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары мен гендерлік әрі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі ұсынымдарды іске асырып жатыр.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі