2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматыда жол-көлік оқиғаларының ауыр зардаптары айтарлықтай азайды. Көлік қозғалысының жоғары қарқындылығы сақталып, жол апаттарының жалпы саны аздап артқанына қарамастан, жолдағы қаза тапқандар саны шамамен 36%-ға азайып, жарақат алғандар саны 5%-дан аса төмендеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді.
Оның айтуынша, Алматы - көлік ағыны өте жоғары еліміздегі ең ірі мегаполис. Қазіргі таңда қалада 703 мыңнан астам көлік құралы тіркелген, ал күн сайын қала аумағына қосымша 230 мыңға дейін автокөлік кіреді. Осындай жағдайда жол қозғалысы ережелерін сақтау жүргізушілердің, жаяу жүргіншілердің, велосипедшілердің, мопед және электросамокат пайдаланушыларының ортақ міндеті болып табылады.
Биылғы жылдың алты айында мегаполисте 3 598 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апаттарды талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері бұрынғысынша жылдамдықты шамадан тыс асыру, жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзу, жол белгілерін елемеу, жолаушыларды тасымалдау қағидаларын сақтамау және қарсы бағыттағы жолаққа шығу болып отыр.
«Жол апаттарының басым бөлігінің негізгі себебі – адам факторы және заң талаптарын сақтамау», – деп атап өтті полиция өкілі.
Жыл басынан бері Алматыда жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1,6 миллионнан астам дерегі анықталды. Бұл құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Оның ішінде көлік құралын мас күйінде басқарудың 1 300-ден астам фактісі тіркелген. Сот шешімімен 1 700-ден астам жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылып, 1 200-ден астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Брифинг барысында жеке мобильділік құралдарына, әсіресе электросамокаттарға ерекше назар аударылды. Полицияның мәліметінше, алты ай ішінде қалада электросамокаттардың қатысуымен 83 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 89 адам жарақат алған.
Көліктің бұл түрінің танымалдылығының артуына байланысты оны пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Салтанат Әзірбектің айтуынша, енгізілген өзгерістердің басты мақсаты - жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және пайдаланушылардың жауапкершілігін күшейту.
Кикшеринг қызметін көрсететін компаниялармен бірлесіп, жалға берілетін электросамокаттарды жеке тіркеу нөмірлерімен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара жол қозғалысы ережелері бұзылған жағдайда көлік құралын және оны пайдаланушыны жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, полиция тіркеу талаптары тек жалға берілетін электросамокаттарға ғана қатысты екенін ерекше атап өтті. Жеке меншік электросамокат иелеріне мемлекеттік тіркеуден өтіп, мемлекеттік нөмір алу талап етілмейді.
Жаңа нормалар күшіне енгеннен кейін полиция қызметкерлері жеке мобильділік құралдарын пайдаланушылардың жол қозғалысы ережелерін сақтауына бақылауды күшейтті. Профилактикалық және бақылау іс-шаралары адамдар көп жиналатын орындарда, орталық көшелерде, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерде, сондай-ақ бұрын құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғалары жиі тіркелген учаскелерде жүргізілуде.
Сонымен бірге, ведомство негізгі назар айыппұл салуға емес, құқық бұзушылықтардың алдын алуға аударылып отырғанын атап өтті. Осы мақсатта электросамокат пайдаланушылар мен жалға беру сервистерінің өкілдері арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Полиция департаменті заңнамадағы өзгерістердің басты мақсаты айыппұл санын көбейту емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау және жол қозғалысына қатысушылардың барлығы үшін қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру екенін еске салады.
«Жолдағы қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – айналаңыздағы адамдарға деген құрметтің және өз қауіпсіздігіңіздің кепілі», – деп түйіндеді Салтанат Әзірбек.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі