Алматыда өрттің жоғары қаупі сақталып отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Константин Каниннің айтуынша, 26 наурыздан бастап Алматы қаласы мен Алматы облысының мемлекеттік орман қоры аумақтарында өртке қарсы режим ресми түрде енгізілген.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, алдағы уақытта өңірде аптап ыстық әрі құрғақ ауа райы әлі де сақталмақ. Ауаның орташа тәуліктік температурасы шамамен +35 градус болса, кей жерлерде +40 градусқа дейін және одан да жоғары көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдайлар табиғи өрттердің туындау қаупін едәуір арттырады.
Алматы аумағында ірі орман алқаптары орналасқан. Олардың қатарында ауданы 20,8 мың гектардан асатын Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормандары, сондай-ақ аумағы 708,2 гектар болатын «Медеу» табиғи паркі мен 137,7 гектарды алып жатқан Баум тоғайы бар.
2026 жылдың басынан бері қалада құрғақ шөптің жануының 103 оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59,2 пайызға аз (өткен жылы 253 жағдай тіркелген). Өрт шалған жалпы аумақ 4 гектарды құрап, былтырғы көрсеткіштен 68 пайызға төмен. Сонымен қатар, орман және таулы аймақтарда табиғи өрттердің тұтануы анықталған жоқ.
Константин Каниннің сөзінше, өрттердің негізгі себебі – адамдардың отты абайсыз пайдалануы мен табиғатқа қоқыс тастауы. Әсіресе, шыны бөтелкелер мен олардың сынықтары қауіпті. Өйткені күн сәулесі шыныға түсіп, құрғақ шөп пен өсімдіктің тұтануына себеп болуы мүмкін.
Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті арнайы профилактикалық іс-шаралар жоспарын әзірледі. Өрттің алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – құрғақ шөпті уақытылы шабу және минералдандырылған қорғаныс жолақтарын жасау.
Биыл аудан әкімдіктері 214,5 гектар аумақта құрғақ шөпті шауып, жоспардың 94 пайызын орындады. Сонымен қатар, ұзындығы 118 шақырым минералдандырылған жолақтар жасалып, бұл жоспарлы көрсеткіштен 15,7 пайызға артық болды.
Өткен жылдардағы талдау нәтижесінде Алматыда құрғақ шөп пен қамыс жиі жанатын 38 қауіпті учаске анықталды. Қазіргі таңда дәл осы аумақтарда профилактикалық жұмыстар мен бақылау күшейтілген.
Таулы-орманды аймақтарға ерекше назар аударылады. Өрт қаупі кезеңі бойы ТЖД қызметкерлері, полиция, орман шаруашылығы өкілдері және еріктілер бірлескен рейдтер өткізеді. Жедел әрекет ету үшін арнайы мобильді топ құрылған.
Жыл басынан бері 80 рейд ұйымдастырылып, өрт қауіпсіздігі туралы 2 мыңнан астам жадынама таратылды. Тыйым салынған орындарда от жағудың 50-ден астам дерегі анықталды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 50 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 3 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды.
Алматыда өрт ошақтарын ерте анықтау үшін заманауи технологиялар белсенді енгізілуде. «Медеу» табиғи паркінде жылу бейнелеу камералары мен оптикалық-сенсорлық кешендерді қамтитын орталықтандырылған бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Осындай жүйе Алматы қаласының даму бағдарламалары аясында ТЖД тарапынан да енгізілген.
Қазіргі таңда аумақ «Көктөбе» телерадио мұнарасында және Алатау ауданындағы Индустриялық аймақта орнатылған бейнекамералар арқылы бақыланады. Бұл жүйе өрт ошақтарын бастапқы кезеңде анықтап, дабыл белгісін жедел қызметтерге автоматты түрде жолдайды.
Таулы-орманды аймақтарды бақылау және туристерді ақпараттандыру үшін бес ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылады. Сонымен қатар Алмарасан шатқалында, «Көктөбе» саябағында және «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты аумағында күн сайын механикаландырылған патрульдік бақылау жүргізіледі.
ТЖД мәліметінше, табиғи өрттерді сөндіру үшін арнайы жасақ құрылып, қажетті техникамен және құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Оның құрамында өрт сөндіру автокөліктері, мотопомпалар, арқамен алып жүретін өрт сөндіргіштер, орман өртін сөндіру қондырғылары және басқа да қажетті жабдықтар бар. Жалпы қала қауіпсіздігін 23 өрт сөндіру бөлімшесі қамтамасыз етеді.
Брифинг соңында Константин Канин Алматы тұрғындары мен қала қонақтарын өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Құтқарушылар демалғаннан кейін қоқысты жинап кетуге, темекі тұқылдары мен сіріңкені тастамауға, құрғақ шөпті өртемеуге және тыйым салынған орындарда от жақпауға кеңес береді.
Төтенше жағдайлар департаменті табиғи өрттердің алдын алу тек арнайы қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіне де байланысты екенін атап өтті. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау өңірдің табиғи байлығын қорғауға және төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі