Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының көбі сақталып қалғанымен, әуелгі мәні көмескіленіп, оны мерекелік рәсімде ғана елеп-ескеретін болдық. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Тәттігүл Қартаева осылай деді.
Мәдени мұраны сақтау жекелеген салт-дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізумен шектелмейді. Ең бастысы – олардың тарихи мазмұнын, тәрбиелік қызметі мен қоғамдық маңызын сақтап қалуымыз керек деген ой айтты ғалым.
«Қазір кейбір дәстүрдің сыртқы сипаты сақталғанымен, ішкі мәні біртіндеп ұмытылып барады. Біз тек формасын ғана жеткізіп, мазмұнын түсіндірмесек, уақыт өте келе дәстүр өзінің мәнін жоғалтып, жай ғана үйреншікті рәсімге айналып кетуі мүмкін», – дейді Тәттігүл Қартаева.
Спикердің айтуынша, беташар да кезінде осындай маңызды әлеуметтік қызмет атқарып, мазмұны да қазіргіден әлдеқайда терең болыпты.
«Беташар арқылы жас келінді жаңа әулетпен, отбасымен, ортасымен таныстырған. Туыстарды таныстырып, табыстырып, олардың әулеттегі орнын түсіндіріп, әдепті үйреткен. Бұл келінді жаңа оортаға бейімдейтін әлеуметтік институт болған», – деп толықтырды этнограф.
Оның айтуынша, қазір беташарды көбіне тойда көңіл көтеру үшін жасайтындықтан, оның тәрбиелік мазмұны екінші қатарда қалып қойыпты.
«Беташардың астарында бағыну емес, адамның жаңа ортаға қабылдануы жатыр. Бұл отбасының қадір-қасиетін, әулеттің абыройын сақтауға әр адамның жауапты екенін білдіретін үлкен рәміз», – дейді этнограф.
Дәстүрлі мәдениет пен ұлттық дүниетанымның көп элементі ғасырлар бойы қалыптасқанын, сондықтан оны қаз-қалпы сақтап, келер ұрпаққа мазмұнын бұзбай аманаттап жеткізіп отыру керек екенін айтады ғалым.
«Мәдени мұра дегеніміз сәулет ескерткіші немесе музейдегі жәдігерлер ғана емес. Бұл халықтың салт-дәстүрінде, фольклорында, тілінде, отбасылық құндылықтары мен күнделікті тұрмысында сақталған тірі жады. Дәл сол арқылы ұлттың дүниетанымы ұрпақтан ұрпаққа беріледі», – деді спикер.
Спикер сондай-ақ жастарды ұлттық мәдениетті зерделеуге белсенді тартудың маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, замандық технологиялар тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттаудың тиімді құралы бола алады.
«Қазір жастармен солардың тілінде сөйлесу керек. Дәстүр оқулықта ғана қалып қойса, уақыт өте келе оған қызығудан қалады жұрт. Сондықтан мәдени мұраны дәріптеу үшін цифрлық платформаларды, замандық медиа мен білім беретін жобаларын кеңінен пайдалану қажет», – дейді профессор.
Этнограф соңғы жылдары қоғамда ұлттық дәстүрге, шежіреге, өз тегінің тарихына қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Алайда ол ғылыми түрде негізделіп, біліммен ұштасуы тиіс екенін айтады.
Қолөнерінің шеберлерін, дәстүрлі мәдениеттің тасымалдаушылары мен этнография саласының зерттеушілерін де қолдап отыру керектігін айтты. Өйткені дәл осы мамандар ұлттық мәдени мұраны сақтап, оны кеңінен насихаттауға көп үлес қосып жүр.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі