Өңірлік коммуникациялар қызметі аудан әкімдігімен бірлесіп бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін инфрақұрылымдық жобалардың қалай жүзеге асып жатқанын, абаттандыру жұмысы мен қалалық ортаны дамыту барысымен таныстыруға бағытталған көшпелі баспасөз турын өткізді.

Бүгін БАҚ өкілдері Түрксіб ауданында болып, аумақты жан-жақты дамыту үшін істеліп жатқан негізгі жобамен танысып шықты. Баспасөз турына аудан әкімі Дамир Әкежанов қатысып, журналистерге жұмыстың нәтижесі мен ауданды дамытудың басым бағыты туралы баяндады.

Баспасөз турының негізгі нысанының бірі Шолохов көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында орналасқан Сәкен Сейфуллин атындағы алаңқай болды. Мұнда журналистерге «Халық қатысатын бюджет – 2026» бағдарламасы аясында қолға алынған қоғамдық кеңістікті кеңінен абаттандыру жұмысының қалай біткенін таныстырып өтті.

«Сәкен Сейфуллин атындағы алаңқай – Түрксіб ауданындағы маңызды қоғамдық кеңістіктің бірі. Биыл мұнда жалпы аумағы 1,7 гектар жерді көгалдандырып, гүлмен безендіріп шықты. Осы жұмыстың арқасында алаңқайдың келбеті айтарлықтай жаңарып, ол тұрғындардың серуендеуі мен тынығуына қолайлы әрі тартымды орынға айналыпты. Алдағы уақытта да ауданның қоғамдық кеңістіктерін күтіп ұстау мен дамытуға ерекше көңіл бөліп, қала тұрғындары үшін жайлы қалалық орта қалыптастыруға барын саламыз», – дейді Түрксіб ауданының әкімі Дамир Әкежанов.

Журналистерге алаңқайды абаттандыру мен гүлмен көмкеру жұмысы биылғы жылдың мамыр айында басталып, белгіленген мерзімде аяқталғаны айтылды. Қоғамдық кеңістіктің жалпы аумағы 1,7 гектарды құрайды, оның ішінде гүлмен безендірілген аумақтың көлемі 3,2 мың шаршы метрге жетті.

БАҚ өкілдері ауданның ең көрікті гүлзарының біріне айналған алаңқайдың жаңарған келбетін тамашалады. Мұнда тагетес, сальвия, целозия, петуния, герань мен цинния сияқты гүлдің шамамен 150 мың түбі егілген. Сонымен қатар қоғамдық кеңістіктің жасыл қоры спирея, астильба, шалфей, вероника мен нивяник секілді көпжылдық сәндік өсімдіктермен, бұтамен толықты.

Баспасөз турына қатысушыларға көгалдандыру барысында атқарылған жұмыс жайлы, өсімдікті қалай іріктегендерін, аумақты күтіп ұстаудың қыр-сыры туралы жан-жақты ақпарат берілді. Қазір мердігер ұйым жасыл желекке күтім жасап отыр. Оның ішінде жүйелі суару, арамшөпті отау, топырақты қопсыту, тыңайтқыш енгізу, аумақты тазалау мен қажет болған жағдайда өсімдіктерді алмастыру жұмысы да қатар жүргізіліп жатыр.

Абаттанған Сәкен Сейфуллин атындағы алаңқай «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындардың бастамасын табысты жүзеге асырудың және қала тұрғындарының демалысына арналған жайлы әрі эстетикалық тартымды қоғамдық кеңістік қалыптастырудың жарқын үлгісі.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырып отырған баспасөз турлары БАҚ өкілдеріне ақпаратты тікелей дереккөзден алуға, атқарылған жұмыстың нәтижесін объективті бағалап, қала тұрғындарын қалалық инфрақұрылымды дамыту бағытында жүзеге асып жатқан жобалармен таныстыруға мүмкіндік береді.