Түрксіб ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасымен жаңа қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Жахангер көшесі, №14 үйдің ауласында құны 63 млн теңге болатын кешенді абаттандыру жұмысы толық аяқталды. Аталған нысанды бүгін Түрксіб ауданы әкімдігі мен Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі бірлесіп ұйымдастырған баспасөз туры барысында журналистерге таныстырды.
Абаттандыру барысында аумақ толықтай жаңартылды. Мұндағы жерді тегістеп, сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылды, тас пен асфальтбетон жабыны төселді. Сонымен қатар шағын сәулеттік нысандар, орындықтар, қоқыс жәшігі, пергола, үстел теннисіне арналған жаңа үстел мен қоршау орнатылып, шіріген жасыл желектің барлығын кесіп шықты.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, абаттандырудан кейін аула барлық жастағы тұрғындар үшін жайлы демалыс орнына айналған.
«Кешкі уақытта әжелер жағы осында жиналып, демаламыз. Жастар балаларымен, үй-ішімен келеді. Шынымды айтсам, қаланың дәл орталығында тұрғандай сезінетін болдық. Нағыз саябаққа келгендей әсер алып, бой жазып, рахаттанып қаламыз. Мен ғана емес, біздің көшенің барлық тұрғыны риза болып отыр», – деді аудан тұрғыны Сара Мұталханова.
Түрксіб ауданының әкімі Дамир Әкежановтың айтуынша, аумақты абаттандырғанда тұрғындардың ұсыныс-тілегін түгел ескеріпті.
«Бұрын бұл жерде мұндай болмаған, қазір жаңарған демалыс алаңын ашып отырмыз. Мысалы, бұрын мұнда ескірген теннис үстелі тұрған, қазір жаңасын орнатып қойдық. Тұрғындар риза болып жатыр», – дейді әкім.
Оның айтуынша, жаңа қоғамдық кеңістік қысқа уақыт ішінде тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып шыға келген.
«Кешкі уақытта мұнда балалар ойнайды, үстел теннисін ересектер де келіп ойнайды. Бұл кеңістік бос тұрмайды. Біздің басты мақсатымыз да осы – ауланы тұрғындар үшін жайлы әрі жанды қоғамдық кеңістікке айналдыру болатын», – деп толықтырды өз сөзін Дамир Әкежанов.
Қазір нысандағы барлық құрылыс-монтаж жұмысы толық аяқталды. Жаңа демалыс аймағы ашық, мұнда күн сайын серуендеп, демалуға болады.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі