Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 94 мыңнан астам алматылық әлеуметтік төлем алды. Тұрғындарды қолдауға жалпы 48,5 млрд теңге бағытталған. Оның көбі жүктілік пен босануға, бала күтіміне арналған төлем.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков пен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Алматы қалалық бөлімшесі директорының орынбасары Балғын Сатбекқызы осылай деп мәлімдеді.

Әлеуметтік төлемнің көбі балалы отбасыларға бағытталған. Жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді 9 586 жұмыс істейтін әйел алып, оларға жалпы 12,1 млрд теңге төленіпті. Тағы 46 283 адам баланың бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне әлеуметтік төлем алды. Бұған 21,8 млрд теңге жұмсалған. Бұдан бөлек, еңбекке қабілеттілігінен, асыраушысы мен жұмысынан айырылғандарға да әлеуметтік төлем тағайындалды.

Мұрат Мұратбековтің айтуынша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бүгінде азаматтардың өміріндегі түрлі әлеуметтік жағдайды қамтып, қолдау көрсетеді. Мемлекет әлеуметтік төлемді тағайындау тетігін жетілдіріп, оларды барынша қолжетімді әрі ашық етуге талпынып жатыр. Департамент басшысы қызметтің цифрлануына көңіл бөліп отырғанын, соның арқасында көп өтінішті қашықтан рәсімдеу мүмкін болғанын атап өтті.

Балғын Сәтбекқызының айтуынша, ең сұранысқа ие қолдау шараларының бірі – балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік төлем. Оның сөзінше, әлеуметтік аударымдардың уақытылы төленуі мен еңбек қатынасының ресми түрде рәсімделуі төлемді алу мүмкіндігі мен олардың мөлшеріне тікелей әсер етеді. Сонымен қатар ол өтінішті қарау барысында қор заң бұзушылықтың алдын алу мен әлеуметтік төлемнің заңды тағайындалуын қамтамасыз ету мақсатында қажетті тексеру жүргізетінін де айтты.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері шамамен 1,4 млн теңгені құрады. Былтырғы осы уақытта бұл көрсеткіш 1,6 млн теңге болған.

Осылайша, орташа төлем мөлшері 254,9 мың теңгеге немесе 15,5 пайызға төмендеді.

Спикерлердің түсіндіруінше, бұл төмендеу заңнамаға енгізілген өзгеріске байланысты. Енді әлеуметтік төлемді есептеу кезінде ескерілетін орташа айлық табыстың ең жоғары мөлшері ең төменгі жалақының жеті еселенген көлемімен шектеледі. Қазіргі таңда бұл сома 595 мың теңгені құрайды. Бұл ретте төлемнің нақты мөлшері соңғы 12 ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысқа және жүктілік пен босануға байланысты демалыстың ұзақтығына қарай жеке есептеледі.

Биыл ең жоғары өсім жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер бойынша тіркелді. Егер өткен жылдың бірінші жартыжылдығында мұндай төлемді 17 707 адам алып, оған 5,9 млрд теңге жұмсалса, биыл олардың саны 25 510 адамға жетіп, төлем көлемі 9,5 млрд теңгеге жеткен. Өсім – 59 пайыз.

Сондай-ақ асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар саны да артты. Биылғы алғашқы алты айда мұндай қолдауды 5 223 отбасы алып, жалпы 2,1 млрд теңге төленді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1,7 млрд теңгені құраған болатын. Осылайша төлем көлемі 24 пайызға өсті.

Еңбекке қабілеттілігінен айырылған азаматтарға да қолдау көрсетіп жатыр. Алты ай ішінде бұл төлемді 7 413 адам алып, жалпы 2,9 млрд теңге төленді. Өткен жылмен салыстырғанда алушылар саны аздап төмендегенімен, төлемнің жалпы көлемі шамамен 8 пайызға артыпты.

Сонымен қатар мамандар жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді рәсімдеу кезінде жиі кездесетін қателік туралы айтып берді. Олардың айтуынша, еңбек қатынасының ресми рәсімделмеуінен, жұмыс берушінің әлеуметтік аударымды уақытылы төлемеуінен, құжаттағы мәліметтің мемлекеттік ақпараттық жүйедегі дерепмен сәйкес келмеуінен және құжаттар топтамасының толық ұсынылмауынан көп мәселе туындайды екен.

Кейбір жағдайда қор қосымша тексеру жүргізеді. Бұған әлеуметтік аударымдардың уақытылы төленбеуі, табыс көлемі мен төленген әлеуметтік аударымдардың сәйкес келмеуі, әртүрлі өңірлердегі бірнеше жұмыс берушіден бір мезгілде әлеуметтік аударымдардың түсуі немесе әйелдің жүктілік бойынша есепке тұрғанға дейін әлеуметтік аударымдардың болмауы негіз болуы мүмкін. Егер тексеру барысында заң бұзушылық анықталса немесе әлеуметтік төлемді тағайындауға заңды негіз болмаса, төлем тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданады.

Спикерлер цифрлық сервистердің дамуы туралы да баяндады. Бала тууы тіркелгеннен кейін ата-аналарға SMS-хабарлама жіберіледі. Сол арқылы мемлекеттік органдарға бармай-ақ бала тууына байланысты мемлекеттік жәрдемақыны және бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді рәсімдеуге болады.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төленбеген жұмыс істемейтін аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленеді.

Бүгінде әлеуметтік төлемге өтінішті екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, eGov.kz порталы және Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы да беруге болады. Электрондық форматта бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді, сондай-ақ мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген жағдайда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді рәсімдеу қызметі қолжетімді.

Спикерлердің айтуынша, әлеуметтік төлемге тек жалдамалы қызметкерлер ғана емес, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысып, әлеуметтік аударымдар төлейтін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен платформалық жұмыспен қамту саласының өкілдері де құқылы. Олар жүктілік пен босануға, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімге, еңбекке қабілеттілігінен айырылуға, жұмысынан, асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік төлем ала алады. Төлем мөлшері 5 немесе 1 пайыздық мөлшерлеме бойынша әлеуметтік аударым жүргізілген табысқа қарай есептеледі.

Салалық мекеме өкілдерінің айтуынша, цифрлық сервисті одан әрі дамыту мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқартып, мекемеаралық деректер алмасу арқылы қажетті құжаттар санын азайтып, әлеуметтік төлемді алу рәсімін Алматы тұрғындарына барынша ыңғайлы әрі қолжетімді етеді.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі