Қазақстанда берешегі көбейіп кеткен азаматтар бірнеше кредитордың алдындағы міндеттемесін енді бір жүйе арқылы реттей алады. Елде қарызды қайта құрылымдау, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мен азаматтарды банкроттық рәсімдері кезінде сүйемелдеу тетігін біріктіретін Қарыздарды реттеу жөніндегі бірыңғай орталық құрылмақшы.
Сонымен қатар бүгіннің өзінде қарыз алушылар үшін бірнеше банк пен микроқаржы ұйымдары алдындағы берешекті бір мезгілде реттеуге мүмкіндік беретін цифрлық платформа жұмысын бастады. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігінің әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Александр Терентьев мәлімдеді.
Оның айтуынша, реформаның басты мақсаты – қарыз алушыларға көрсетілетін көмекті неғұрлым қолжетімді әрі түсінікті ету, сондай-ақ олардың жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупін барынша азайту екен.
«Біз қаржыға байланысты дау мен берешекті реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Бұл қарыз алушыларға процесті барынша түсінікті, қолжетімді әрі ыңғайлы етеді. Болашақта жеке және ұжымдық реттеу, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мен азаматтарды банкроттық мәселесі бойынша сүйемелдеу тетігінің барлығы қаржы омбудсманының базасында құрылатын Қарыздарды реттеу жөніндегі бірыңғай орталыққа біріктіріледі. Азамат үшін бұл – қарызды өтеудің қолайлы шартын таңдаудан бастап заңда көзделген өзге рәсімдерді қолдануға дейін оның жағдайы жан-жақты қаралатын бірыңғай жүгіну нүктесі болады», – дейді спикер.
Агенттік қаржы омбудсманының жаңа жұмыс қағидаларын 27 шілдеде бекітті. Олар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Қаржы омбудсманы банк, микроқаржы мен сақтандыру секторының құзыретін біріктіріп, қарыз алушылардың құқығын қорғау мәселесін қоғамдық ұйымдардың қатысуымен талқылайтын алаңға айналмақшы.
Жаңа жүйенің негізгі құралдарының бірі – «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін finkelisim.kz цифрлық платформасы. Ол бірнеше кредитор алдында мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға қарызын бірыңғай рәсім арқылы реттеуге мүмкіндік береді.
Платформаны екі және одан да көп кепілсіз тұтынушылық несиесі бойынша төлем мерзімі 90 күннен асқан қарыз алушылар пайдалана алады. Жалпы берешек көлемі 150-ден 1 600 АЕК-ке дейін болуы тиіс. 2026 жылы бұл – 648 мыңнан 6,9 млн теңгеге дейін. Өтініш берілгеннен кейін жүйе белгіленген талаптарға сәйкестікті автоматты түрде тексеріп, бірыңғай өтеу кестесін қалыптастырып, кредиторлар берешекті өндіріп алуды уақытша тоқтатады.
Агенттіктің бағалауынша, алғашқы кезеңде жаңа тетік шамамен 350 мың проблемалық қарыз алушыны қамтиды.
«Платформаның басты әлеуметтік маңызы – әрбір несие жеке қаралмайды, керісінше қарыз алушының жалпы борыштық жүктемесі бағаланады. Бұл шын мәнінде орындалатын өтеу шарттарын таңдауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін ұзақ мерзімдер мен ай сайынғы төмен төлемдер қарастырылған. Яғни шешім формалды емес, отбасы үшін нақты орындалатындай болуы тиіс», – деді Александр Терентьев.
Платформаны дамыту жалғасады. Келесі кезеңде ол жеке сот орындаушыларының жүйесімен, кейін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және жеке тұлғалардың банкроттығы тетіктерімен біріктіріледі. Соның нәтижесінде сотқа дейінгі реттеуден бастап ықтимал банкроттыққа дейінгі бүкіл процесс бірыңғай жүйенің құрамына енеді.
Сонымен қатар Агенттік «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыруды жалғастырып жатыр. Үш жыл ішінде жоба аясында 703 мың қарыз алушының жалпы сомасы 754 млрд теңге болатын берешегі реттелді. Азаматтарға төлемді кейінге қалдыру, жеңілдетілген өтеу кестелері, қарыздарды қайта құрылымдау мен өзге де қолдау шаралары ұсынылды.
Жұмыстың жеке бағыты мүгедектігі бар адамдарға арналған. Бүгінде Қазақстанда 105 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматтың жалпы сомасы 262 млрд теңге болатын несиелік міндеттемесі бар. Оның ішінде 26,3 мың адамның проблемалық берешегі қалыптасқан. Тек Алматының өзінде осы санаттағы шамамен 10 мың тұрғынның мерзімі өткен қарызы бар екен, оның жалпы көлемі 8,6 млрд теңгені құрайды.
Осы мәселені шешу үшін Агенттік Алматы қаласының әкімдігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, Әділет министрлігімен бірлесіп І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтардың қарызын кешенді реттеу жөніндегі пилоттық жобаны іске қосты. Әрбір қатысушы бойынша табыс деңгейі, мүліктік жағдайы, отбасы құрамы мен өзге де өмірлік жағдайлар ескеріледі. Қарыз алушының жағдайына қарай қарызды қайта құрылымдау, төлемдерді кейінге қалдыру, несие мерзімін ұзарту немесе ай сайынғы төлемі 5–10 мың теңге болатын жеке өтеу кестесі ұсынылады.
Қолдаудың тағы бір маңызды құралы – ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы. Бағдарлама несиелерді жылдық 3 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен қайта қаржыландыруды, есептелген сыйақы мен айыппұлдарды есептен шығаруды, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы қарыз алушыларға қосымша қолдау көрсетуді көздейді. Бағдарлама аясында шамамен 60 мың отбасы көмек алды, ал жалпы қолдау көлемі 678 млрд теңгеге жетті. Соның нәтижесінде төлем мерзімі 90 күннен асқан ипотекалық несиелердің үлесі 2015 жылғы 30 пайыздан 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 0,6 пайызға дейін төмендеді.
«Агенттік жүзеге асырып жатқан барлық шараларды бір қағида біріктіреді: көмек атаулы болуы және қарыз алушының мәселесін нақты шешуге бағытталуы тиіс. Әңгіме қарызды жаппай кешіру туралы емес, адамның төлем қабілеттілігін қалпына келтіріп, өз міндеттемесін шамасына қарай орындап, отбасының одан әрі қаржыдан нашарлауына жол бермеуге мүмкіндік беретін жағдай жасау туралы болып отыр», – деп түйіндеді Александр Терентьев.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі