Алматы қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Алматы қаласының Құрылыс басқармасы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 6 353 пәтерді сатып алуды жоспарлаған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов мәлімдеді.

Бүгінгі таңда 2 717 пәтер уәкілетті органның теңгеріміне берілді. Тағы 640 пәтерді қабылдап алу жұмыстары жүргізілуде, олар бойынша қабылдау-тапсыру актілеріне қол қойылған. Жыл соңына дейін барлық пәтерді уәкілетті органның теңгеріміне толық беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында әлеуметтік кредиттік тұрғын үй құрылысы жалғасуда.

Қазіргі уақытта 2 246 пәтерге арналған 29 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Бүгінде 1 366 пәтерді қамтитын 17 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталды.

Оның ішінде:

  • 7 тұрғын үй «Қалқаман-2» шағын ауданында;
  • 10 тұрғын үй «Жас-Қанат» шағын ауданында орналасқан.

Қазіргі уақытта пайдалануға дайын тұрғын үйлер бойынша техникалық паспорттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Ал «Жас-Қанат» шағын ауданындағы 880 пәтерге арналған қалған 12 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын 2027 жылдың II тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі