Қазақстанда өкпе обырын төмен дозалы компьютерлік томография (ТДКТ) арқылы скринингтен өткізе бастады. Жаңа әдіс ісікті алғашқы белгісі пайда болғанға дейін, көлемі небәрі бірнеше миллиметр болған кезде анықтауға мүмкіндік береді. 10-15 тамыз аралығында қауіп тобына кіретін Қазақстан тұрғындары еліміздің барлық өңірінде тексеруден тегін өте алады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде ерте диагностиканың жаңа мүмкіндігі туралы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары айтып берді.
Өкпе обыры онкологиялық аурудың ең көп тараған түрінің бірі, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімнің де көбі осыдан болады. Жыл сайын осындай 3,8 мыңнан астам науқас анықталып, екі мыңдай адам қайтыс болады екен.
Өкпе обыры ұзақ уақыт бойы байқалмай, біртіндеп асқынуы мүмкін. Адам өзін сап-сау сезінгенімен, ауруы уақыт өткен сайын үдей береді.
Мамандардың айтуынша, науқастардың көбі дәрігерге аурудың III–IV сатысында бір-ақ қаралатын көрінеді. Бірінші сатыда сәтті емделу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары: бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 90 пайызға дейін жетуі мүмкін, кейбір науқасқа хирургиялық ем де жеткілікті. Сондықтан Қазақстанда ауруды ертерек анықтауға басымдық беріп отыр.
Ерте анықтайтын негізгі әдістің бірі - төмен дозалы компьютерлік томография (ТДКТ). Кәдімгі рентгеннен айырмашылығы, компьютерлік томография өкпенің қабат-қабат кескінін алып, ең ұсақ өзгерісті де анықтайды. ТДКТ кезінде дәрігер қалыңдығы бір миллиметрдей болатын кескінді алып, көлемі небәрі екі-үш миллиметрлік ошақтарды көре алады.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының радиология және ядролық медицина бөлімінің меңгерушісі Жандос Аманқұловтың айтуынша, процедураның өзі санаулы секундқа ғана созылады екен, яғни аса көп уақыт алмайды, дайындықты да қажет етпейді.
«Ашқұрсақ жүріп, алдын ала талдау тапсырып, күнделікті ішетін дәріні тоқтатудың қажеті жоқ. Контрастты зат та қолданылмайды. Түсірілімнің өзі 10–15 секундқа созылады, құжатты рәсімдеуді қосқанда, шамамен 15 минут уақыт қана алады. Сонымен қатар пилоттық жоба аясында кескіндерді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары жасанды интеллект технологиясын қолдана отырып орталықтандырылған түрде қайта оқиды», - дейді Жандос Аманқұлов.
Мамандардың айтуынша, жасанды интеллектіні пайдалану мен түсірілімді қайта тексеру ең алдымен диагностика дәлдігін арттыру үшін қажет. Өйткені ұсақ күмәнді өзгерісті дер кезінде байқап қана қоймай, адамды басы артық қосымша процедураға жібермеуге тырысу керек.
ТДКТ кезіндегі сәулелік жүктеме кәдімгі компьютерлік томографияға қарағанда айтарлықтай төмен. Дәрігерлер флюорографияның да маңызын жоғалтпағанын атап өтеді. Ол, атап айтқанда, туберкулезді анықтаудың маңызды әдісі болып қала береді. Алайда өкпе обырын ең ерте сатысында анықтау үшін бұл зерттеудің мүмкіндігі жеткіліксіз.
2026 жылғы 10–15 тамыз аралығында Қазақстанның барлық өңірінде өкпе обыры туралы хабардарлықты арттыру апталығы өтіп жатыр. Акция аясында ТДКТ көмегімен 1 600-ден астам адамды тексеру жоспарланған. Бірінші кезекте жасы 50-ден асқан, қазіргі уақытта шылым шегетін немесе бұрын шеккен және ұзақ жылдан бері темекі тартатын адамдар тегін тексеруден өте алады. Қауіп тобына шаң, түтін, химиялық және канцерогенді заттармен тұрақты байланыста болатын зиянды өндіріс жұмысшылары да кіреді.
Жандос Аманқұловтың айтуынша, скринингке пациенттерді іріктеу критерийлері ірі халықаралық зерттеудің нәтижесіне негізделіпті.
«50 мыңнан астам адам қатысқан америкалық NLST зерттеуі төмен дозалы КТ қолдану өкпе обырынан болатын өлім-жітімді 20 пайызға төмендететінін көрсетті. Еуропалық NELSON зерттеуінде ер адамдар арасында өлім-жітімнің 24 пайызға, ал әйелдер арасында 33 пайызға дейін төмендегені анықталды. Скрининг — барлығына арналған тексеру емес, пайдасы ең жоғары болатын жоғары қауіп тобындағы адамдарға бағытталған құрал», - деп түсіндірді ол.
Мамандар бұрын темекі шеккен адамға да ерекше назар аударады. Темекіден бас тартқаннан кейін аурудың даму ықтималдығы біртіндеп төмендейді, алайда толық жойылмайды. Тіпті бірнеше жылдан кейін де қауіп ешқашан темекі шекпеген адамға қарағанда жоғарырақ болуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер бұрын шылым шеккен адам зиянды әдеттен әлдеқашан бас тартқанын алға тартып, тексеруді кейінге қалдырмауы керектігін айтады.
Өкпе обырының ерекшелігі — оның ерте сатысында адам көбіне ағзасында ешқандай өзгеріс сезбейді. Алғашқы байқалатын белгілер әлдеқайда кейін пайда болуы мүмкін. Ұзақ уақытқа созылған немесе сипаты өзгерген жөтел, ентігу, кеуде тұсының ауыруы, қақырықта қанның болуы, себепсіз салмақ жоғалту мен әлсіздік алаңдатуы тиіс. Алайда дәрігерлер скринингтің мақсаты дәл осы белгілер пайда болғанға дейін ауруды анықтау екенін айтып отыр.
Темекі шегетін адамдардың өкпесіндегі өзгерісті байқау қиын. Олар жөтелді үйреншікті жағдай деп қабылдап, дәрігерге қаралмай жүре беруі мүмкін. Сондықтан ТДКТ ең алдымен шағымы жоқ, бірақ аурудың даму қаупі жоғары адамдарға арналған.
Тексеру кезінде табылған түзіліс адамның қатерлі ісікке шалдыққанын білдірмейді. Өкпеде ұсақ ошақтар жиі кездеседі. Олар бұрын болған инфекцияның салдары, тыртықты өзгеріс немесе қатерсіз түзіліс болуы мүмкін.
Одан арғы тактика анықталған өзгерістің сипатына байланысты. Кей жағдайда адамға белгілі бір уақыттан кейін ТДКТ-ны қайталау ұсынылады, ал басқа жағдайларда онкологтың кеңесіне және қосымша тексеруге жіберіледі. Күмәнді өзгеріс анықталған кезде контрастпен компьютерлік томография, ПЭТ/КТ, бронхоскопия немесе биопсия қажет болуы мүмкін.
Маман пациентті одан әрі емдеу туралы шешімді бірнеше маман бірлесіп қабылдайтынын атап өтті.
«Емдеу тактикасын бір ғана дәрігер емес, мультидисциплинарлық топ — онколог, хирург, сәулелік диагностика маманы, химиотерапевт пен радиотерапевт анықтайды. Егер ауру бірінші сатысында анықталса, көбіне бір-ақ операция жасалады. Қазір мұндай операция көбіне аз инвазивті әдіспен — шағын тіліктер арқылы жасалады», - деді Жандос Аманқұлов.
Қажет болған жағдайда өңірдегі пациенттер облыстық онкологиялық орталықтарға, ал ең күрделі және даулы жағдай Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына жіберіледі. Қосымша тексеру, диагнозды растау мен одан әрі емдеу қолданыстағы медициналық көмек көрсету жүйесі аясында жүргізіледі.
Алматыда өкпе обыры туралы хабардарлықты арттыру апталығы аясындағы тегін тексеру 10–14 тамыз аралығында сағат 11:00-ден 13:00-ге дейін Алматы онкологиялық орталығында, Өтепов көшесі, 7 мекенжайында өтеді. ТДКТ-дан өту үшін 8 (7173) 123-952 телефоны арқылы алдын ала жазылу қажет.
Өкпе обыры туралы хабардарлықты арттыру апталығы 15 тамызда Бірыңғай ашық есік күнімен аяқталады. Сенбі күні бұл іс-шара еліміздің барлық онкологиялық ұйымында өтеді. Сол күні тұрғындар онкологтан тегін кеңес алып, қажет болған жағдайда қажетті тексеруден өте алады.
Онкологтар өкпе обырының даму қаупін төмендетудің негізгі жолы — темекіден толық бас тарту екенін айтады. Зиянды өндірістік фактордың әсерінен қорғану мен профилактикалық тексеруден де тұрақты өту керек.
Жаңа тәсілдің негізгі қағидасы қарапайым: ауруды ол өзін білдіріп қойған кезде емес, адам өзін әлі де сау сезініп жүрген уақытта іздеу. Ісікті ерте анықтау дәрігерлерге тиімді ем жүргізу үшін әлдеқайда көп мүмкіндік береді.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі