Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-платформасында ҚР сауда және интеграция министрлігі Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің басшысы Арман Ақсубаев журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол бүгінде қандай да бір тауарды сатып алатын алматылықтардың қандай құқықтары бар екенін айтты.
Арман Ақсубаевтың айтуынша, Алматы қаласында әр секунд сайын тауарлар сатып алынады, сонымен бірге азаматтар сапасы төмен тауарларға, тіпті кейде сатушы тарапынан алдау әрекеттеріне тап болады.
Арман Ақсубаев атап өткендей, тауар-ақша қатынастары аясында «қолайсыз» жағдайлар көп кездеседі. Әдетте дүкендер мен супермаркеттерде ақаулы тауарларды еш қиындықсыз ауыстырып береді немесе ақшасын қайтарады. Мұнда ең бастысы – өзіңізбен бірге тауарлық немесе фискалдық чек болуы керек.
Алматы қаласы Тұтынушылар құқығын қорғау Департаментінің басшысы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға сәйкес сапасыз тауарды сатып алған жағдайда, егер сатушы оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаған жағдайда, тұтынушы өз таңдауы бойынша келесілерді талап етуге құқылы екенін атап өтті:
- сатып алу бағасын мөлшеріне (сапасына) қарай кемітуді;
- тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды;
- тауардың кемшіліктерін жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді талап етуге құқылы;
- ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруға;
- сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (модельді, артикулді) сондай тауарға ауыстыру;
- шартты бұзуға және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
Онлайн-брифингте Арман Ақсубаев тауарларға сараптама жасау туралы айтып берді.
«Егер тауарды тексеру (сараптау) нәтижесінде кемшіліктер жоқ екені немесе тауарды тұтынушыға бергеннен кейін оның пайдаланудың, сақтаудың белгіленген қағидаларын бұзуы салдарынан туындағаны анықталса, тұтынушы сатушыға сараптама жүргізуге арналған шығыстарды, сондай-ақ тауарды тасымалдауға арналған шығыстарды өтеуге міндетті», - деп хабарлады спикер.
Бұл ретте, тұтынушы сапаны тексеруге және тауарға сараптама жүргізуге жеке өзі немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ тауарды өз есебінен тексеруге құқылы екенін есте сақтау қажет.
Арман Ақсубаев ұсынымдар ретінде алматылық тұтынушыларға сапасыз тауар сатып алған жағдайда - сауда орнында өзінің болғанын және сатып алғанын растау үшін суретке түсіруді ұсынады.
«Дүкендерде суретке түсуге тыйым салынбайды. Егер чек жоғалған немесе берілмеген болса, бұл болашақта жақсы қызмет етуі мүмкін», – деп толықтырды Департамент басшысы.
Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің басшысы қазіргі кезде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік жүйесіне орталық және жергілікті атқарушы органдар енетінін нақтылады. Мысалы, Алматыда азық-түліктік емес тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасы мәселелері бойынша Техникалық реттеу және метрология департаменті тұтынушының бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге көмектеседі.