2022 жылдың ақпанында Тимур Хасенов қап алып, жалғыз өзі таудағы қоқысты жинауға шығады. Ол кезде командасы да, асып бара жатқан ақшасы да, демеушісі де болған жоқ. Төрт жылдан кейін өзі құрған TazaMen Team қауымдастығы әр апта сайын тегін сенбілік өткізіп, жүздеген адамның басын қосып, Қазақстанның табиғи аумақтарын қоқыстан тазартып келе жатыр.
Жеке бастаманың тұрақты экологиялық қозғалысқа қалай айналғаны туралы Тимур Хасенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде Дүниежүзілік тазалық күніне (World Cleanup Day) орай өткен брифингте толығырақ айтып берді.
«Таудағы қоқысты басқа біреу келіп жинап кетеді деп күтіп отырмау керек. 2022 жылдың ақпанында менің командам да, ақшам да, демеушім де болған жоқ. Қап алып, өз бетімше қоқыс жинай бастадым. Осылайша біртіндеп үлкен командаға айналдық», – дейді TazaMen Team негізін қалаушы.
Белсенділер әр сенбі сайын өзен, көл, тау шатқалы мен табиғи аумақты тазалап қайтады. Төрт жыл ішінде олар сөйтіп 27 тонна қоқыс жинапты.
Осы уақыт ішінде TazaMen Team еріктілері 230-дан астам экологиялық акция өткізді. Қауымдастықта шамамен 600 адам бар. Әр тазалық жұмысына 50-60 адамнан шығады. Сенбілікке қатысу тегін. Келгендерге қап, қолғап, қысқыш, су мен сусын береді. Кейде сенбіліктен кейін тегін палау да таратып шығады.
«Қауымдастықты ақша құрмайды. Оны адамдар қалыптастырады. Нағыз еріктілікті бір суреттегі адамдардың санымен емес, қайта оралуға дайын адамдардың санымен өлшеу керек. Біз енді жай ғана қоқыс жинамаймыз, айналамызға адамдарды соған үндейміз», – деп түсіндірді Тимур Хасенов.
Оның айтуынша, бір реттік PR-акцияға көбіне өткен-кеткендерді жинап, артынан әдемілеп суретке түседі де, бәрі сонымен бітеді. Тұрақты қауымдастық басқаша қалыптасады. Ол үшін керек құрал-жабдық пен апта сайын тазалық жұмысына келуге дайын бес адам болса жеткілікті екен.
Қатысуды тұрақты ету үшін адамдарға кездесу уақыты мен орнының нақты белгіленуі, алдын ала дайындалған құрал-жабдық пен бірден көруге болатын нәтиже қажет. Жиналған ондаған қапты көрген адам мұнда бекер келмегенін біледі. Ортақ іс арадағы шекараны жойып, бір-бірімен танысуға мүмкіндік беріп, біртіндеп қауымдастықтың тұрақты өзегін қалыптастырады.
TazaMen Team үшін негізгі орынның біріне Алма-Арасан аумағындағы Проходное шатқалы айналды. Команданың тарихы дәл осы жерден басталған, бүгінде барлық сенбіліктің шамамен жартысы осында өтеді.
Еріктілер Үлкен Алматы көлін үш рет тазалап, 400-ден астам қап қоқыс жинады. Үлкен Алматы шыңында күрделі бағытқа қарамастан, 15 қап қоқыс шығарды. Көк-Жайлаудан 100 қап, Көк-Лай-Сайдан 300 қап, ал Алма-Арасандағы Казачка өзенінің бойынан 250 қап қоқыс шықты.
Ең ауқымды тазалықтың бірі Іле өзенінің жағалауында өтті. Таңбалы-Тас ауданындағы бес шақырымдық аумақта еріктілер 500 қап қоқыс жинады. Ал «Көшпенділер қамалы» маңындағы он шақырымдық жағалауды тазалау барысында тағы 800 қап қоқыс теріп алды. Бұл жұмыстың жалпы нәтижесі – 15 шақырым жағалау тазартылып, 60 текше метрден астам қоқыс жиналды.
Баум тоғайын команда екі рет тазалап, 230 қап қоқыс жинады. Әуежай көлінде де тазалық жұмысы екі рет жүргізіліп, 50 қап қоқыс шығарылды. КІЗ көлінен 240 қап қоқыс жиналды. Қаскелеңде еріктілер бұлақ маңындағы өзенді тазалап, 135 қап қоқыс теріп алды.
«Алтын-Емел» ұлттық паркінде команда 50 қап қоқыс жинап, браконьерлердің екі шақырым торын алып шықты. 2026 жылдың маусым айынан бастап сенбілік кезінде қалдықты сол жерде сұрыптай бастады.
«ПЭТ бөтелкелерін, алюминий банкалар мен пластик пакеттерді бөлек жинап, қайта өңдеуге жібереміз. Жұмыс қоқыс түгел жпналып болғанда ғана бітпек. Өзінен кейін қоқыс қалдырмау экологиялық акция емес, күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналуы керек», – деп атап өтті Хасенов.
Тимур Хасенов экологиялық қызметін негізгі жұмысымен және отбасымен қатар алып жүр. Өткен жылы ол белсенді азаматтық ұстанымы, еріктілер қозғалысын дамытып, қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін «Жақсы Адам» қоғамдық сыйлығының лауреаты атанды. 2026 жылы экологиялық ерңктілікті дамытып, қоғамдық қызметке қосқан үлесі үшін «Қайырымды жан» сыйлығына ие болды.
«Үлкен бюджет, ауқымды команда немесе мінсіз сәтті күтпеңіздер. Қолыңызда бар нәрседен бастаңыз, бірінші бес адам жинаңыз. Егер олар қайта оралса, демек, негізі қаланды. «Таза Қазақстан» деген өз еліңе құрмет», – деп қорытындылады Тимур Хасенов.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі