Алматыда Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) басым бағытын іске асыру бойынша қоғамдық бақылау жүргізілді. Зерттеу нәтижесі қалада әлеуметтік қолдау, инфрақұрылымды дамыту, мемлекет пен халық арасындағы өзара байланыс тетігі қалыптасқанын көрсетті. Сонымен қатар қолға алынған шаралардың тұрғындардың өмір сүру сапасын қаншалықты жақсартып жатқанын тереңірек бағалай түсу қажеттігі де анықталды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры Диляра Урманова осы зерттеудің нәтижесін таныстырды.
Мониторинг - теңсіздікті азайту, қалалардың тұрақты дамуы, тиімді институттар мен тұрақты дамудағы әріптестік сияқты төрт бағытты қамтыды. Жалпы 32 міндет зерттеліп, оның 19-ы қаланың күн тәртібі үшін негізгі басымдық ретінде айқындалды.
Зерттеу аясында ресми статистика, қалалық бағдарламалар, нормативтік құжаттар, ашық дереккөз бен мемлекеттік органдардың ақпараттық сұрауға берген жауаптары талданды. Сонымен қатар 87 адам қатысқан азаматтық сауалнама, сарапшылармен жасалған сұқбат пен тақырыптық талқылау да өткізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша төрт талдамалық есеп дайындалды.
Теңсіздікті азайту бағыты бойынша зерттеушілер әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін, қолдау шараларын, жұмыспен қамту мен халықтың осал топтарының жағдайын қарастырды. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің пікірінше, кедергіге жиі тап болатын топтардың қатарында мүгедектігі бар адамдар (60,7%), табысы төмен азаматтар (46,4%) мен шалғай аудандардың тұрғындары (38,1%) бар.
Диляра Урманованың айтуынша, Алматыдағы теңсіздік мәселесі табыс деңгейімен ғана емес, аумақтық фактормен де байланысты. Атап айтқанда, бұл тұрғылықты жерге, көлік қатынасының қолжетімділігіне, медициналық және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігіне қатысты.
Қаланың тұрақты дамуын бағалау барысында сауалнамаға қатысушылар ең жиі атаған мәселе – көлік кептелісі. Бұл проблеманы респонденттердің 77,9%-ы көрсеткен. Сондай-ақ өзекті мәселе қатарында экология (46,5%), көшелер мен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымының жағдайы (36%), тұрғын үйдің қолжетімділігі (33,7%) мен қоғамдық көлік (30,2%) аталды.
Сарапшылармен жүргізілген сұқбаттар да осы мәселелердің маңыздылығын растады. Сауалнамаға қатысқан он маманның тоғызы экология мен ауа сапасын, жетеуі көлік қолжетімділігі мен қала дамуына тұрғындардың қатысуын маңызды мәселе ретінде атады. Сондай-ақ он сарапшының барлығы қалалық ортаның сапасы бойынша аумақтық айырмашылықтың бар екенін атап өтті.
Мемлекеттік институттардың ашықтығы мен халықпен өзара іс-қимылына да ерекше назар аударылды. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы Алматыда мемлекеттік қызметтердің цифрландыру деңгейі 98%-ды құрап, көрсетілген қызметтің жалпы саны 15,6 миллионға жеткен.
Сонымен бірге зерттеу нәтижесі көрсеткендей, көрсетілген қызметтердің саны мен азаматтардың өтінішіне уақытылы жауап берілуі тұрғындардың мәселелері іс жүзінде шешілгенін әрдайым білдіре бермейді. Сол сияқты қоғамдық талқылаулардың өткізілуі де тұрғындардың ұсынысы қабылданған шешімдерде қаншалықты ескерілгенін де көрсете алмайды.
Атап айтқанда, сауалнамаға қатысқан сарапшылардың оннан сегізі қалалық бағдарламалардың көрсеткіші мен нәтижесі туралы ақпаратты толықтыру қажеттігін айтқан. Алты маман бюджет пен шығыс, сондай-ақ қоғамдық талқылаудың нәтижесі туралы ашық деректердің маңыздылығын атап өтті.
Мониторингтің тағы бір бағыты мемлекет, бизнес, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы әріптестік болды. Зерттеушілер Алматыда өзара іс-қимыл жасауға арналған түрлі алаңдар мен тетіктер жұмыс істейтінін айтты. Алайда жүзеге асқан жобалардың санын ғана емес, олардың нәтижесінің тұрақтылығын, жауапкершіліктің бөлінуі мен серіктестердің шешім қабылдау үдерісіне нақты қатысуын да бағалау керек.
Мониторинг қорытындысы бойынша мамандар қалалық саясатты бағалау жүйесін жетілдіру жөнінде бірнеше ұсыныс әзірледі. Олардың қатарында сандық көрсеткіштерді халық өміріндегі нақты өзгерісті бағалаумен толықтыру, аудандар бойынша деректердің нақтылығын арттыру, әлеуметтік және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін талдау, өтініш пен қоғамдық ұсынысты қарау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ сектораралық әріптестікті дамыту бар.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар азаматтық сауалнама мен сарапшылардың сұқбаттары Алматы халқының барлығын қамтитын репрезентативті зерттеу болып табылмайтынын атап өтті. Олардың нәтижесі тұрғындар жиі көтеретін мәселелерді, кедергілер мен ұсынысты анықтауға мүмкіндік берді.
«Жүргізілген мониторингтің басты маңызы – Алматы қаласында Тұрақты даму мақсаттарының басым бағыттарын іске асыруға қоғамдық баға берудің кешенді талдамалық негізін қалыптастыру», – дейді Диляра Урманова.
Оның айтуынша, қоғамдық мониторинг сын айту құралы ретінде емес, қалалық саясатты талдаудың қосымша тетігі ретінде қарастырылады. Ол ресми деректерді, сарапшылардың бағалауы мен тұрғындардың пікірін өзара салыстыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, зерттеудің негізгі қорытындысы – атқарылған іс-шараларды есепке алудан тұрғындардың күнделікті өміріне тигізетін нақты әсерді бағалауға көшу қажеттігі. Қызметтердің қолжетімділігі, қалалық ортаның сапасы, қабылданатын шешімнің ашықтығы мен халықтың басқару үдерісіне қатысуы Алматының тұрақты дамуының маңызды өлшеміне айналуы тиіс.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі