Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы бойынша Статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков 2021 жылғы санақ науқаны туралы айтып берді.
"Санақ парақтарына енгізілген сұрақтар тізбесі өткен санаққа қарағанда кеңейтіліп,67 негізгі сұрақ пен 20 нақтылаушы сұрақтан тұрады. Сұрақтар Еуропалық статисттердің ұсыныстарына сәйкес жасалынды", - деді А.Әбілдабеков.
Халық санағын өткізу білім деңгейіне қарамастан Қазақстан Республикасының кез келген ниет білдірген азаматы қатыса алады.
Статистика департаменті санақ қызметкерлерін толық емес жұмысқа қабылдауға дайын. Ниет білдірушілер Абай көшесі, 125 мекенжайы бойынша кадр қызметіне жүгіне алады.
"Әзірге біз бастапқы санақ қызметкерлерін таңдадық. Қазан айында бізге 2 мыңнан астам интервьюер қажет болады, сондай-ақ бізге резервшілер қажет. Барлық тартылған санақ қызметкерлері Алматы қаласының қоғамдық көліктерінде тегін жол жүрумен қамтамасыз етіледі", - деді А.Әбілдабеков.
Айта кетейік, Алматы қаласы бойынша Статистика департаменті мегаполис тұрғындарын санақ науқанына түсіністікпен қарауға шақырады. Ыңғайлы болу үшін онлайн режимінде санақ парақтарын толтыруға болады.