Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Тілеухан Әбілдаев МӘМС арқасында медициналық көмек сапасын арттырудың катализаторы болатын медициналық қызмет көрсетушілердің бәсекеге қабілетті ашық нарығын құру қажет екенін айтты.


Қор түсімдері туралы айта келе, Т. Әбілдаев МӘМС жүйесі енгізілген сәттен бастап медициналық сақтандыру қорына 655,2 млрд теңге түскенін хабарлады. Сонымен қатар, барлық қаражаттың бестен бір бөлігі әлі де оңтүстік астанаға тиесілі.

"2017 жылдың 1 шілдесінен, 2021 жылдың 31 мамырына дейінгі кезеңде Алматы қаласынан МӘМС-ке түсетін түсімдердің жалпы сомасы 1,9 млн адам үшін 121,7 млрд теңгеден асты", - деп хабарлады спикер.

Түсімнің негізгі бөлігі немесе 89,7 млрд теңгеден астамы – жұмыс берушілердің аударымдары, қалған 32 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдардың салымдары. Сондай-ақ, 2019 жылдың басынан бастап 200 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтыған алматылық 462,6 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлемін төледі.

Т. Әбілдаев атап өткендей, Қор өз науқастарын тыңдап,өзінің байланыс арналары арқылы кері байланыс арқылы олардың құқықтарын қорғайды.

Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша Алматы қаласының тұрғындарынан 103 288 өтініш түсті. Оның ішінде 157 алғыс хат, 100 мыңнан астам кеңес бар.

Еске салсақ, медициналық ұйымдар тарапынан құқықтар бұзылған жағдайда науқастар кері байланыс арналары, атап айтқанда Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, 1406 бірыңғай байланыс орталығы мен fms.kz. ресми сайты арқылы Қорға өтініш жібере алады. Барлық өтініштер міндетті түрде қаралады.