Бүгін түсте Алматы велошабандоздары ҚР мемлекеттік Рәміздер күніне арналған акцияны аяқтады. Отыз спортшы еліміздің туымен қаланың бас көшелерімен жүріп өтіп, "Алматы Арена" спорт кешенінде мәреге жетіп, Әнұранды орындады.
Акцияны мегаполистің белсенді жастары, спортшылар, еріктілер мен оқушылар қолдады.
Айта кетсек, мұндай веложарыс дәстүр бойынша жыл сайын өтеді. Осылайша велошабандоздар азаматтардың назарын еліміздің мемлекеттік Рәміздеріне аударды.
Қатысушылар Б. Момышұлы – Мөңке би көшелерінің қиылысынан бастап, "Алматы Арена" спорт кешені ғимаратының алдында мәреге жетті. Бұл жерде олар ҚР Әнұраны мен "Көк тудың желбірегені" патриоттық әнін орындады.
Велошеруге Алатау ауданы әкімінің орынбасары Бектас Сәбитов қатысты. Ол бұл іс-шара бірлік пен салауатты өмір салтының белгісі іспетті екенін айтты.
"Жыл сайын өтетін веложарысты спортшылар мен Алматы жастары қолдайды. Расында, мемлекеттік Рәміздер еліміздің жеңісі әрі жетістіктерімен тығыз байланысты. Сондықтан біздің мемлекеттік Рәміздер әлемдегі ірі спорттық іс-шараларда ерекше көзге түседі. Біздің отандық чемпиондарымыз олимпиадалар мен әлемдік жарыстарда еліміздің Туын мақтанышпен желбіретіп жүр", – деді Б. Сәбитов.