Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасы 1 шілдеден бастап ковидтік стационар болып қайта жасақталды. Бұл – бірінші эшелондағы медициналық мекеме деді Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында аталған аурухана директорының орынбасары Эльвира Ибрагимова.
Екі ай ішінде ауруханада 3 мыңнан аса адам коронавирус инфекциясынан емделді.
Э. Ибрагимова ауруханадағы 1000-нан астам медицина қызметкерінің емдеу жүргізетінін, олардың ішінде дәрігерлер мен медбикелер бар екенін айтты. Жалпы, Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында науқастарға жан-жақты көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған.
«Түрлі құрал-жабдықтар қолданылады, біз көпсалалы емхана ретінде коронавируспен ауыратын науқастарға шұғыл ота жасаймыз. Мысалы, егер пациент реанимацияда болса, әдетте ӨЖЖ-аппараттары қолданылады. Егер бұл науқастар қалыпты палаталардағы орташа ауыр науқастар болса, біз рентген, УЗИ құрылғысын қолданамыз», - деді аурухана директорының орынбасары.
Э. Ибрагимова кейбір жағдайларда дәрігерлердің өкпедегі өзгерістерді анықтау үшін неге КТ (компьютерлік томография) қолданбайтынын айтты.
«КТ әдетте науқас орташа немесе ауыр жағдайда болғанда қолданылады.Дертке шалдыққан сәттен бастап алғашқы 7 күнде КТ немесе рентген аурудың белгілерін көрсетпейді. Сондықтан бұл процедура қолданылмайды. Бізге ауыр науқастар түсетінін, сондықтан олардың барлығы компьютерлік томографиядан өтетінін еске салғым келеді. Егер науқастар амбулаторлық ем алса немесе дерті жеңіл болса, КТ бірден жасалмайды. Барлық пациенттер қанның жалпы сараптамасын тапсыруы тиіс, өйткені қанның құрамынан коронавирус инфекциясына қатысты өзгерістерді көруге болады», - деп атап өтті дәрігер.
Э. Ибрагимова КВИ науқастарын емдеу орташа 10-14 күнге созылатынын айтты. Ол шілдеден бастап Алматыда коронавирустың «дельта» нұсқасын жұқтырғандардың көп болғанын атап өтті. Вирустың мутациясына байланысты кейде ауру ұзаққа созылуы мүмкін.
Ковидті стационарда коронавирус дертіне шалдыққан науқастарға 50-ден аса ота жасалды.
«Олардың барлығында коронавирустан басқа созылмалы аурулары болғанын атап өткім келеді. Мысалы, гинекологиялық, хирургиялық отамен емделетін және қан тамырлары дертіне шалдыққан науқастар болды. Асқазанды резекциялау бойынша бірегей ота жасалды. Әдетте барлық науқастар 15-20 күн ем алады», - деді Э. Ибрагимова.
Қазір Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында 500-ге жуық науқас жатыр, дерт жұқтырғандардың жасы әртүрлі.
«Ауру жас таңдамайды, алайда бұлардың көбісі - 60 жастан асқан науқастар. Егде жастағы адамдарда созылмалы аурулардың болатыны белгілі. КВИ бұрынғы дертті асқындырады және аурудың жағдайын қиындатады. Науқастардың арасында 35-40 жастағылар да бар», - деді Э. Ибрагимова.
Жұқтырудың сәл төмендегеніне қарамастан, дәрігер қала тұрғындарын босаңсымауға, әсіресе балаларға қорған болуға шақырды. Ол шілдеде дертке шалдыққан балалар мен жасөспірімдердің көп тіркелгенін айтты.
Баспасөз конференциясының соңында дәрігер індетті тек вакцина салдыру арқылы жеңуге болатынын атап өтті.
«Вакциналар халықты қашанда инфекциялардан қорғады, талай індет екпе салдыру арқылы жойылды. Алматыда тұрғындарға вакцина алуға барлық жағдай жасалған, емханаларда да, жылжымалы екпе орталықтарында да вакцина салдыруға болады. Біз егде жастағы адамдарға вакциналануды ұсынамыз. Бірде мынадай оқиға болды, реанимацияда жатқан ауыр науқас екпе салуды өтінді, бірақ, өкінішке орай, тым кеш болғандықтан арты қайғылы жағдайға ұласты. Сондықтан мұндай жағдайға жеткізбей, аурудың алдын алған жөн», - деді Э. Ибрагимова.