Бүгінгі таңда Қазақстанда қант диабетінің тырнағына ілінген 380 мыңға жуық адам тұрады. Осыдан бес-алты жыл бұрын бұл көрсеткіш 208 мыңның төңірегінде болатын. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.
«Қазақстанда 2-типтегі қан диабетіне шалдыққандар саны көбейіп барады. Мамандар мәліметінше, ересектердің оннан бір бөлігі осы дерттен зардап шегіп отыр. Диагноз дер кезінде қойылған жағдайда бұл дертті ауыздықтауға болады. Өкінішке орай, көбінің ауруы тым кеш анықталып жатады», - деді филиал басшысы.
Қазақстан диабетті зерттеу қоғамдық қорының дерегінше, Алматы қаласында 2-типтегі қант диабеті өлім-жітім саны жағынан жүрек-қан тамыры ауруларынан кейін екінші орында тұр. COVID-19 пандемиясынан кейін осы ауруға шалдыққан пациенттер арасында өлім-жітім артқан.
Назарбаев Университетінің маманы Александр Гуляевтың зерттеуіне сүйенсек, диабет – көп шығынды талап ететін нозология. 2019-2045 жылдар аралығында әлемде диабетті емдеуге кететін шығын 845 млрд АҚШ долларына дейін өспек. Әлем елдері ішінде АҚШ диабетті емдеуге 295 млрд доллар, Қытай 109 млрд доллар жұмсайды. Қазақстанның жылодық шығыны шамамен 20,5 млрд теңгеден асады.
Диабетті диетаның, жаттығулар мен дәрі-дәрмектің көмегімен емдеуге, сол арқылы оның асқынуына жол бермеуге болады, дейді мамандар. Ең алдымен әр пациент өз денсаулығы үшін өзі жауапты: ол арнайы күнделік ашып қан мен несеп құрамындағы қант деңгейі, несептегі ацетон мөлшері, салмағы мен қан қысымына қатысты деректерді жазып жүруі тиіс. Бұл науқастың ахуалын анықтап, қажет болса емдеу схемасын өзгертуге, терапияны, диета мен физикалық жаттығулар бағытын реттеп отыруға көмектеседі.
«Диабеттің алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, шектен тыс тәтті немесе майлы тамақтардан бас тарту, спортпен айналысу, темекіден бас тарту, дәрігерге уақтылы қаралып, қандағы қант мөлшерін анықтап отыру қажет», - дейді Т.Әбілдаев.
Филиал басшысының айтуынша, Қазақстанда қант диабеті тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан пациенттерге 48 түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин де бар.