ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Қазақстанның Еңбек ері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атақтарын иеленген еліміздің құрметті педагогтерімен кездесті. Ұлағатты ұстаздар қатарындаАлматы қаласының білім беру жүйесінің қалыптасу тарихында еңбегі сіңген, есімдері көпшілікке белгілі Аягүл Миразова мен Майра Мамбетова да бар.
Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Төреқызы Мемлекет басшысының қолдауының арқасында елімізде педагог мәртебесіне ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Дегенмен білім жүйесін одан әрі жетілдіру үшін оны үздіксіз дамыту қажет деген ұстаз, әр мұғалім баланың рухани жан дүниесі бай, адамгершілігі жоғары тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етуі керек екенін айтады.
«Бізге үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан жас ұстаздар балалардың бойына тек академиялық білімді сіңіріп қана қоймай, адами қасиеттері мен моральдық принциптеріне де мән беріп, тәрбиелеуі қажет. Президент ұлттық құрылтайда басымдық берген құндылықтар барлық педагогикалық қауымдастық пен ата-аналар үшін темірқазыққа айналуы тиіс», - деп атап өтті Аягүл Миразова.
Өз кезегінде министр ұстаздарға бала оқытудағы ерен еңбектері үшін алғыс білдіріп, олардың үздік тәжірибелері мен парасат-пайымдары өңірлерде таратылуы керектігін айтты.
Оқу-ағарту министрі білім беру саласындағы кейінгі жылдардағы оң өзгерістерге тоқталды. Атап айтсақ, жалақы көлемін ұлғайту, жүктемені азайту, кәсіби біліктілікті арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және т.б. Бүгінгі таңда еліміздегі 2 906 мектепте балалар бір ауысымда білім алуда.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы елімізде алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасын бекітті. 2021 жылдан бері 46 педагог осы марапатты алса, үш педагог «Қазақстанның Еңбек ері» атағын иеленді.