Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішкі және трансшекаралық саудасын дамытуға бағытталған Agromarket цифрлық агроазық-түлік платформасы (https://agromarket.asia) іске қосылды. Жоба өндірушілерді, сатып алушыларды, банктерді, логистикалық компанияларды, қоймаларды және талдау сервистерін біріктіретін трансшекаралық аграрлық сауданың цифрлық экожүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Бүгінде платформада электрондық сауда алаңының функционалы іске асырылған. Пайдаланушылар тауарларын, сұраныс пен ұсыныс туралы хабарландыруларын орналастыра алады, өнім жеткізу бойынша серіктестер таба алады, логистикалық компаниялардың қызметтерін пайдаланып, мәмілелерді цифрлық форматта рәсімдей алады.
Цифрлық платформа импорттаушыларға ғана емес, қазақстандық экспорттаушыларға да жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Қазіргі таңда көптеген фермер шетелдік нарыққа қалай шығу және сенімді серіктес табу жолын білмейді. Платформа осы мәселені шешуге арналған.
Қазақстандық қатысушылар үшін келісімшарттардың дайын үлгілері және оларға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қою мүмкіндігі қолжетімді. Платформа қазақ, орыс, ағылшын, тәжік және қытай тілдерінде жұмыс істейді.
«Agromarket – жай ғана маркетплейс емес. Біз фермер өз ұсынысын орналастырып, өнім көлемін көрсетіп, сауда желілері, базарлар немесе қайта өңдеу кәсіпорындары арасынан сатып алушылар таба алатын агроплатформа жасап жатырмыз. Сонымен қатар сатып алушылар да өз қажеттіліктерін жариялап, өнім жеткізушілерді таба алады. Біздің міндетіміз – ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын нарықтың барлық қатысушысы үшін барынша қарапайым, ашық және қолжетімді ету», – деп атап өтті «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС департаментінің директоры Инкар Хусаинова.
Платформаны әзірлеушілердің айтуынша, оны дамытудың негізгі бағыттарының бірі мәмілелер жасасу үшін сенімді цифрлық орта қалыптастыру.
Қазіргі уақытта платформада Қазақстан мен Тәжікстанның өнім жеткізушілері өз тауарларын орналастыруда. Жақын арада Өзбекстан мен Қырғызстаннан қатысушыларды қосу, сондай-ақ басқа да шетелдік нарықтармен ынтымақтастықты кеңейту жоспарланып отыр.
Платформа жұмысы аясында тәжікстандық жеміс өндіруші – «Камол-Ходжи» шаруа қожалығы мен қазақстандық Arbuz.kz онлайн-супермаркеті арасында балғын жүзім жеткізу жөніндегі алғашқы келісімшарттарға қол қойылды. Сонымен қатар Agromarket.asia арқылы еліміздегі ең ірі көтерме сауда нарықтарының бірі – «Шарын» базарына ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы келісім жасалды. Қол қойылған келісімшарттардың жалпы сомасы 1 миллион АҚШ долларынан асты.
Қытайлық қатысушылар да платформаға қызығушылық танытып отыр. Қазақстандық өнімдерді Қытай нарығына жеткізуді ұйымдастыру мәселелері бойынша сауда және салалық ұйымдармен жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар тауарларды орналастыру және бірлескен сауда тетіктерін дамыту бағытында Өзбекстан, Пәкістан және Италия серіктестерімен келіссөздер жалғасып жатыр.
Жобаны «Қазақтелеком» АҚ құрамындағы «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС әзірледі. Жоба Еуразиялық даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Біз нарыққа барынша жақын болуға, платформаны пайдаланушылардың қажеттіліктерін ескере отырып дамытуға ұмтыламыз және оны жетілдіруге бағытталған ұсыныстарға ашықпыз. Біздің командамен хабарласып, кері байланыс қалдыру үшін https://agromarket.asia) сайтында көрсетілген байланыс деректерін пайдалануға болады.