2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанның бес өңірінде — Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында — Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталығы өз жұмысын бастайды.
Орталықтың мақсаты — дағдарыстық жағдайға тап болған шағын және орта бизнес субъектілеріне проблемаларын диагностикалау, өтініштерді тиісті бағыт бойынша жолдау, мемлекеттік органдармен және қаржы институттарымен өзара іс-қимылды үйлестіру, сондай-ақ кәсіпкердің мәселесі реттелгенге дейін сүйемелдеу арқылы қолдау көрсету.
Бұған дейін мұндай мәселелерді — салық берешегін реттеу, қаржыландыруға қол жеткізу, мемлекеттік қолдау шараларын алу, өнімді өткізу және басқа да мәселелерді шешу үшін кәсіпкер әрбір мемлекеттік орган мен ұйымға жеке-жеке жүгінуге мәжбүр болатын. Енді кәсіпкерге «Даму» қорының өңірлік филиалының алаңына бір рет жүгіну жеткілікті.
Орталық мамандары туындаған мәселені диагностикалап, оны реттеудің одан әрі бағытын айқындайды, қажетті мемлекеттік органдармен және қаржы институттарымен өзара іс-қимылды үйлестіреді және мәселе реттелгенге дейін кәсіпкерге сүйемелдеу көрсетеді. Мәселенің сипатына қарай оны қарауға тиісті мамандар мен ұйымдар тартылады.
Орталықтың жұмысына Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Әділет министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, пилоттық өңірлердің әкімдіктері, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және оның еншілес ұйымдары қатысады.
Орталықтың жұмысы туралы толық ақпаратты пилоттық өңірлердегі «Даму» қорының өңірлік филиалдарынан алуға болады.