Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Абдулдаев мәлімдеді. Акция басталғаннан бері 643 мың жас ағаш көшеттері отырғызылды.
Ұлан Абдулдаевтың айтуынша, қалада 4 миллионнан астам ағаш өседі.
«Алайда, Алматының барлық аудандары жасыл және абаттандыру алаңдарымен мақтана алмайды. Бүгінгі күні жасыл желектермен қамтамасыз ету біркелкі емес. Мысалы, Алатау мен Наурызбай аудандарында жеткіліксіз», – деді Ұлан Абдулдаев.
Ағаштардың жалпы санынан 485 мың жетілген және жасамыс ағаштар негізінен қаланың орталық бөлігінде өседі. Сонымен қатар, Алматыда 84 мың апатты ағаш бар.
Бұл мәселені шешу үшін оларды кезең-кезеңімен кесу және жас көшеттерге ауыстыру бойынша арнайы бес жылдық бағдарлама қабылданды. Биыл 5 мың апатты ағаш кесіліп, оның орнына 50 мың көшет отырғызылады.
«1 млн ағаш отырғызу бойынша «Жасыл Алматы» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Акция басталғалы 643 мың көшет отырғызылса, 2022 жылдың көктемінде 145 мың ағаш отырғызылды. Биылғы жылдың соңына дейін 360 мың жер телімі қалды. Көгалдандыру алаңдары ғалымдардың пікірлерін ескере отырып, дендрологиялық жоспарға сәйкес белгіленеді», - деп атап өтті ведомство өкілі.
ӨКҚ барысында спикер жалпы пайдаланылатын жерлерде өсетін барлық ағаштар қаланың жасыл екпелерінің бірыңғай тізіліміне енгізілгенін еске салды. Қалалық жасыл кеңістік тізімі жүйесі негізінде жасыл кеңістіктердің түрлері, түр құрамы, аумақ көлемі, жағдайы және орналасуы туралы деректерді үнемі жаңартып отырады.
Басқарма басшысының орынбасары түйткілді тақырыпты айтты – соңғы жылдары Алматыда қалалық екпелерге зиян келтіретін инвазиялық зиянкестер түрлерінің жаппай енуі байқалуда.
«Біз ағаштар мен бұталарды қорғау және жақсарту шараларын қабылдадық. Біз биологиялық өнімдер кешенін және феромон тұзақтарының биологиялық агенттерін қолданамыз», — деп атап өтті Ұлан Абдулдаев.
Жүргізілген жұмыстардың арқасында тәждің зақымдану дәрежесі 70-85%-дан 30-35%-ға дейін төмендеді, кей жерлерде аурудың толық алдын алған.