Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының профилактикалық жұмыс бөлімінің басшысы Альмира Зәуірбекова мәлімдеді.
АИТВ-ны бала жүктілік, босану және емізу кезінде анасынан жұқтыруы мүмкін екені белгілі. Анасы антиретровирустық терапияда болса, оның балаға АИТВ жұқтыру қаупі өте төмен.
Сондықтан Алматыдағы ЖИТС орталығы АИТВ жұқтырған жүкті әйелдерге профилактикалық ем жүргізіп, дені сау балалардың дүниеге келуін қамтамасыз етеді.
«Жүкті әйелдерді АИТВ-ға екі рет жоспарлы тексеруден өткіземіз, бұл алдын алу іс-шараларын уақтылы бастауға мүмкіндік береді. 2020 жылдан бастап жүкті әйелдердің жыныстық серіктері де АИТВ-ға тестілеуден өтуде», - деп хабарлады А. Зәуірбекова.
Инъекциялық есірткі қолданушылар арасында парентеральді берілудің алдын алудың тиімді шараларының бірі «зияндылықты азайту» бағдарламасы болып табылады.
«Зияндылықты азайту – бұл есірткі қолданудың жағымсыз салдарын азайтуға бағытталған, яғни АИТВ, туберкулез, вирустық гепатит сияқты аурулардың берілуін азайтудың кешенді шаралары. Осы бағдарламаны іске асыру аясында қалалық емханаларда 19 сенім пункті мен 5 Достық кабинеттері жұмыс істейді», - деп жалғастырды А. Зәуірбекова.
Сондай-ақ брифингте олар өзін-өзі тестілеу үшін АИТВ-ға онлайн тестке тапсырыс беру мүмкіндігін жариялады. Алматы ЖИТС орталығының сайты арқылы hivtest.kz сілтемесі бойынша тапсырыс беруге болады. АИТВ-ны жұқтыру қаупі жоғары адамдар үшін әсер ету алдындағы профилактика тиімді жүзеге асырылуда.