“Алтын-Емел” ұлттық паркінде “Петроглифтер ізшілері” ҚҚ-ның еріктілері бұрын археологтардың зерттеулеріне ілікпеген көне бейнелерді анықтады. Ежелгі бейнелер еріктілер тарапынан жақында археологиялық барлау жұмыстары барысында табылды.
Петроглифтер Таңбалы Тас деп аталатын шоғырдан табылған. Қазақстанда осындай атаумен шамамен 30 ескерткіш белгілі, олардың ең қызықтыларының бірі – Алтын-Емелде орналасқан. Шолақ тауларының аттас аңғарындағы мыңнан астам сурет бар. Петроглифтер қола дәуірінен (б.з.д. III–I мыңжылдықтар) этнографиялық кезеңге дейінгі (б.з. XVIII–XIX ғасырлар) уақытты қамтиды. Ұлттық парктің қызметкерлері тарапынан жасалған қорғау шараларының арқасында олар вандализмнен сақталған.
Алдағы уақытта бұл суреттер Yandex Qazaqstan-ның Қоғамға арналған технологиялар орталығының сарапшылары мен Қазақстан-Британ техникалық университетінің бірлесіп әзірлеген жасанды интеллект негізіндегі жаңа құралдың көмегімен зерттеледі.
Аталған әзірлеме ғалымдарға суреттерді егжей-тегжейлі сипаттап, олардың географиялық координаттарын және тарихи кезеңін анықтауға мүмкіндік береді. Мұның барлығы осы мәдени ескерткіштерге бірыңғай база жасап, олардың цифрлық есебін жүргізу үшін қажет.
Жаңа үлгінің жұмысы қазақстандық медиа өкілдеріне арналған пресс-тур барысында көрсетілді. Іс-шараны “Петроглифтер ізшілері” ҚҚ Yandex Qazaqstan-ның қолдауымен ұйымдастырды.
Медиасала өкілдері Таңбалы Тастағы ең әсерлі петроглифтерді тамашалап, Қазақстандағы тасқа қашалған сурет өнерінің тарихымен танысты.
Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекеновтың айтуынша: “Біз Yandex Qazaqstan-да жасанды интеллектті өнімдеріміз бен қызметтерімізде ғана емес, қоғамдық маңызы зор міндеттерді шешуде де қолданамыз. Мысалы, біздің технологиялар ғалымдарға қар барыстарын бақылауға көмектесіп, 103 қызметінің жүктемесін азайтуға және мүгедектігі бар азаматтарға цифрлық қолжетімділікті қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. Енді біз Қазақстанның петроглифтік мұрасын сақтауға да өз үлесімізді қоса аламыз.”
“Петроглифтер ізшілері” ҚҚ-ның атқарушы директоры Ольга Гумирова: “Бұл шешім петроглиф шоғырларын зерттеу мен паспортизациялауда үлкен көмек болады. Ғалымдардың уақытын үнемдеп, адам факторынан туындайтын қателіктерді азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, петроглифтік мұраның бірыңғай электрондық базасын құру жеке ескерткіштерді және олардың елдегі басқа нысандармен байланысын терең зерделеуге жағдай жасайды”, - дейді.
Іс-шара ұйымдастырушылары “Алтын-Емел” визит-орталығына және Қазақстанның ұлттық парктерін қолдау қорына іс-шараны ұйымдастыруға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреді.
Анықтама: “Алтын-Емел” ұлттық паркі Шолақ тауларындағы Таңбалы Тас, Қара-Еспе, Тайғақ, Теректі және Қызылауыз аңғарларындағы бірнеше петроглифтік кешендерді біріктіреді. Петроглифтер қола дәуірінен бастап этнографиялық кезеңге дейінгі уақытқа жатады. Ерекше назар аударуға лайық – ортағасырлық буддалық жазбалар. Ғалымдардың пікірінше, парктегі барлық петроглифтер өзара байланысты біртұтас жүйе құрайды.
Назира Бурханова