Астанадағы Қазмедиа орталығында жыл сайын өтетін Capital Health – салауатты болашаққа арналған ұлттық форум ұйымдастырылды. Форум мемлекеттік органдардың, медицина саласының, бизнестің және қоғамдық бастамалардың өкілдерін бір алаңға жинады.

Іс-шара аясында елорда тұрғындары ағзаның функционалдық жағдайын бағалаудан бастап, қан тамырларын тексеру мен тері диагностикасына дейінгі бірнеше бағытты қамтыған тегін медициналық экспресс-чек-аптан өту мүмкіндігіне ие болды.

Форум қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзекті сын-қатерлерге, превентивті медицинаны дамытуға, денсаулыққа саналы көзқарас мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ корпоративтік ортада well-being бағдарламаларын енгізу тәжірибесіне арналды.

Күні бойы алаңда тақырыптық сессиялар, TED-форматтағы баяндамалар мен пікірталастар өтті. Онда профилактика, қоғамдық денсаулық және мемлекет пен бизнестің орнықты мінез-құлық үлгілерін қалыптастырудағы рөлі талқыланды.

«Ұлт денсаулығы: 2026 жылғы сын-қатерлер және ЖИ бағыты» атты 1-сессия барысында қатысушылар халық денсаулығын қолдаудағы мемлекеттік тәсілдерді, салауатты өмір салтының заманауи трендтерін және мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестікті сөз етті.

Сессияда «Astana Tourism» Туризмді дамыту орталығы» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ибраев елордадағы медициналық туризмнің дамуы жөнінде баяндама жасады.

Спикердің мәліметінше, Астанада медициналық қызмет алған шетелдік пациенттер саны 2023 жылғы 2 270 адамнан 2024 жылы 4 500 адамға дейін, яғни шамамен екі есе артқан. Сондай-ақ Қазақстанда халықаралық JCI аккредитациясына ие 9 клиниканың 7-еуі Астанада орналасқаны атап өтілді. Бұл шетелдік пациенттердің сенімін күшейтіп, медициналық қызметтердің халықаралық стандарттарға сай дамуына ықпал етеді.

Олжас Ибраев медициналық туризмнің тек туризм саласына ғана емес, клиникалардың тұрақтылығына да әсер етіп, сервиске, технологияларға және медициналық көмектің сапасын арттыруға инвестиция салуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Денсаулық мәдениеті. Салауатты қоғам» атты 2-сессияда халықтың хабардарлығы, профилактика және тиімді ағарту форматтарына басымдық берілді.

Ал «Превентивті медицина. Алдын алу және зиян келтірмеу» сессиясында азаматтардың жүйелі түрде тексеруден өтуіне кедергі келтіретін факторлар мен қауіптерді ерте анықтаудың маңыздылығы талқыланды.

IMG 1153

Корпоративтік жауапкершілік пен бизнестің денсаулық мәдениетін қалыптастыруға қосатын үлесі туралы Railways Systems KZ компаниясының сыртқы коммуникациялар жөніндегі бас директордың орынбасары Анастасия Журавлева баяндама жасады.

Ол ірі компанияларда корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің адам капиталына, процестердің тұрақтылығына және ұзақ мерзімді тиімділікке инвестиция ретінде қарастырыла бастағанын атап өтті. Бұл тәсіл қызметкерлердің әл-ауқатын ESG-стратегиямен, кадрлық тұрақтылықпен және кәсіби тәуекелдердің алдын алумен тығыз байланыстырады.

Форум аясында корпоративтік well-being және стресстің еңбек өнімділігіне әсер ететін жаһандық үрдістеріне ерекше назар аударылды.

Metabody clinic даму жөніндегі директоры, «Jastar» ғылыми-зерттеу орталығының социологиялық зерттеулер және болжау басқармасының сарапшысы Дина Бурпиева эмоционалдық күйзеліс пен кәсіби қажу қызметкерлердің денсаулығына ғана емес, компаниялардың тұрақтылығына да тұрақты қауіп факторы болып отырғанын айтты.

Ұсынылған деректерге сәйкес, әлемде қызметкерлердің 44%-ы жұмыс орнында стресс пен күйзелісті бастан кешіреді, ал кадр ауысымының 40%-ға дейіні стресс факторымен байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ еңбекке жарамсыз күндердің артуы мен ұзақ мерзімді стресс аясында созылмалы аурулар қаупінің өсуі де атап өтілді.

Форумның маңызды ерекшеліктерінің бірі – тәжірибелік диагностика аймағы болды. Мұнда елорданың төрт клиникасы экспресс-чек-ап жүргізуге қатысты. Қала тұрғындары келесі тексерулерден өтті:

  • Technogym Checkup – күш, тепе-теңдік, қозғалыс, жүрек-қан тамырлары тиімділігі мен нейробұлшықет реакцияларын бағалау, сондай-ақ биологиялық жастың көрсеткіші саналатын Wellness Age™️ есептеу;
  • Денситометрия – сүйек тінінің тығыздығын анықтау және остеопороз қаупін ерте анықтау;
  • Smart Scan (Life Expert) – 47 орган мен жүйенің жағдайын бағалау, әлсіз тұстар мен мүмкін болатын тапшылықтарды анықтау;
  • Ангиоскан – эндотелий функциясын қоса алғанда, жүрек-қан тамырлары жүйесі мен тамырларды инвазивсіз бағалау;
  • Dermacheck – тері жағдайын диагностикалау, фотосканерлеу және күтім мен процедуралар бойынша ұсыныстар беру;
  • Биоимпеданс – тіндердің электрлік қарсылығы арқылы дене құрамын талдау;
  • Венокс – веноздық және лимфалық қан айналымын диагностикалау (бет, мойын, дене).

Форум аясында «Capital Health» сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл марапат салауатты өмір салтын дамытуға, корпоративтік wellness бағдарламалар мен әлеуметтік жобаларға үлес қосқан ұйымдар мен бастамаларға табысталды.

Іс-шара отбасының, ата-аналардың және қоғамның салауатты ұрпақ тәрбиелеудегі, денсаулық дағдыларын ерте жастан қалыптастырудағы рөліне арналған талқылаумен қорытындыланды.