Жергілікті атқарушы органдар жұмысының басым бағыттарының бірі- бұқаралық спортты дамыту. Бүгін Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында спорт нысандарының ауқымды құрылысын бастау туралы айтты. Алматылықтарды салауатты өмір салтына тарту үшін мегаполисте жыл сайын денешынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт залдары мен ашық спорт алаңдары салынады.
Алматы- нағыз спорт астанасы. Бүгін ӨКҚ онлайн-брифингі барысында ол бірқатар спорт нысандарының құрылысы туралы айтты.
«Біз бар күшіміз бен қаржыны «Жаңа Алматы» бағдарламасы аясында спорт кешендері пайда болатын қаланың шет аймақтарына бағыттаймыз. Жаңа инфрақұрылым түрлі спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Рүстем Байсейітов.
Мысалы, Медеу ауданының Алатау шағын ауданында биыл 7400 шаршы метр алаңда денешынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Мұнда тәулігіне 894 адамды қабылдайды. Сонымен қатар, Жетісу ауданы Құлагер шағын ауданындағы Қазыбаев көшесінде жалпы алаңы 7400 шаршы метр болатын спорт кешені салынады.
Айнабұлақ-2 шағын ауданында №118 және №137 мектептер арасында 3920 ш.м. алаңда спорт кешені пайда болады. Онда жаттығу залы, бокс және жекпе-жек күрес секциялары ұйымдастырылады. Тәуліктік өткізу қабілеті - 564 адам.
Жетісу ауданы, Кемел шағын ауданында, Жайсаң көшесі, 22 мекен-жайы бойынша № 80 мектеп аумағында спорт кешені салынады, онда әр түрлі секциялар ұсынылады.
Алатау ауданындағы Зерделі ықшам ауданында (Сайын көшесінің батыс жағы) бокс, жекпе-жек және әмбебап залдары бар спорт нысаны пайда болады.
Жаңа спорт нысандары арасында Түрксіб ауданының «Жас Қанат» шағын ауданында салынатын кешен жетекшісі болады. Ол 7400 шаршы метр аумақты алып жатыр, онда үстел теннисі, хореография және басқа да спорт түрлері бойынша секциялар ашылады.
Алматыда 14 кортқа арналған ірі теннис орталығы пайда болады, онда 4 жабық және 10 ашық корт болады. Ол Алатау ауданында, Рысқұлов даңғылының солтүстігіне қарай, Момышұлы көшесінің батыс бөлігіне қарай салынады. Сондай-ақ осы жобада фитнес және оңалтуға арналған зал, тренажер залы қарастырылған.
Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітовтің айтуынша, аталған нысандардың құрылысы түрлі спорт түрлерімен айналысу үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға, балалар мен жасөспірімдердің салауатты өмір салты мәдениетіне көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, барлық сабақтар тегін өтеді.
Егер Алматы қаласының шетінде жоғарыда аталған спорт нысандары бюджет есебінен салынса, бірқатар спорт нысандары бюджеттен тыс қаражат есебінен салынады. Олардың арасында Түрксіб ауданының «Жұлдыз-1» шағын ауданындағы (Лавренев көшесінің батысы) көпфункционалды спорт кешені бар. Оның жалпы ауданы - 3 300 шаршы метрді құрайды, құрылысты 2021 жылдың қазан айының соңында аяқтау жоспарлануда. Кешенде гимнастика, ойын, жекпе-жек залдары және бассейн болады.
Тағы бір теннис орталығы Бостандық ауданында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағында салынады.
«Теннис орталығын мамыр айының ортасында ашу жоспарлануда, оған алты теннис алаңы кіреді. Орталық жыл бойы жұмыс істейтін болады. Мұнда киім ауыстыратын бөлмелер, дәмхана және 160 орындық трибуна қарастырылған. Тәуліктік өткізу қабілеті - 200 адам», - деді спорт басқармасының басшысы.
Тағы бір спорт кешені биыл Бостандық ауданындағы «Гагарин Парк» тұрғын үй кешенінің солтүстігіне қарай салынады. Сондай-ақ, Әуезов ауданының Жетісу-3 шағын ауданында спорттық күрес мектебі салынады. Онда олимпиадалық жекпе-жек түрлеріне арналған арнайы зал пайда болады.
Ірі жобалардың бірі «Сұңқар» ХШТК екінші кезегінің құрылысы болмақ, онда 580 орындық мінбесі бар әмбебап зал, көлемі 25*16 метр жабық жүзу бассейні болады. Қонақ үй кешені де қарастырылады.
«Аталған нысан базасында Азия күрес академиясын ашу жоспарлануда, барлық инфрақұрылым осы міндеттерге толық сәйкес келеді. Аяқталу мерзімі - осы жылдың қазан айы. Тәуліктік өткізу қабілеті - 940 адам», - деді Рүстем Байсейітов.
Алматыда Алатау ауданындағы Атлетикалық ауылдың оңтүстігінде үстел теннисі орталығы пайда болады. Онда осы спорт әуесқойлары бір мезгілде 32 теннис үстелінде жаттыға алады, сонымен қатар жобада бокс пен жекпе-жекке арналған жабық әмбебап зал, 75 орындық қонақ үй кешені қарастырылған. Сонымен қатар, Атлетикалық ауылдың іргелес аумағында жабық жеңіл атлетика манежінің құрылысы жоспарланған. Оны салғаннан кейін қала спортшылары жыл бойына жаттыға алады.
Алматының спорт нысандарының тізімін - қалалық велотрек аяқтайды,онда екі аптадан кейін жөндеу жұмыстары басталады, аталған нысан ашық ауада жаттығу процесі мен жарыстарды өткізу стандарттарына сай болады.
Осылайша, Алматы арена аумағында бірқатар жабық және ашық заманауи спорт нысандарының спорт кластері құрылады.
Онлайн-брифинтің соңында Рүстем Байсейітов Алматының 8 ауданында тегін спорт секциялары мен үйірмелері бар 50 демалыс орталығы жұмыс істейтінін, бұларда 5280 адамның бос уақыттарын ойдағыдай өткізіп жүргендерін атап өтті.
2023 жылға қарай бос уақыт өткізу орталықтарын 200-ге дейін ұлғайту жоспарланған, ал биыл қосымша 50 орталық пайда болады. Спорт басқармасының басшысы аула маңындағы спорт алаңдарына «Еңбек» бағдарламасы арқылы спорт түрлері бойынша бейінді федерациялар арқылы жаттықтырушылар мен нұсқаушылар, барлығы 300-ге жуық маман тартылатынын хабарлады.