Биыл бірінші рет Ұлттық бірыңғай тестілеу электронды форматта өтеді. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Алматы қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Айтуарова 2021 жылы не өзгеретінін айтты.
Ақмарат Айтуарованың айтуынша, биылғы оқу жылында қаланың орта білім беру ұйымдарында 11 337 түлек мектепті бітіреді. (мемлекеттік мектептерден 10 560 және жеке мектептерден 777 адам).
«Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін түлектердің өтініштерін қабылдау ҰТО http://app.testcenter.kz сайтында on-line тіркеу арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ол бітірушіге Республика бойынша ҰБТ тапсыратын орынды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді», - деп хабарлады Білім басқармасының өкілі. Бұл, ең алдымен, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты, оқушылардың халық көп жиналатын орындарға бару қажеттілігін болдырмау үшін жасалып отыр.
2021 жылғы ҰБТ маңызды өзгешелігі оның өткізілу форматы болмақ. Жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Айтуарова биыл болатын басқа да ерекшеліктер туралы хабарлады:
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ҰБТ тапсыратын бір пункт;
- ҰБТ өткізу форматы «бір тестіленуші-бір компьютер-бір камера» қағидаты бойынша электронды түрде ғана.
- ҰБТ 2 кезеңмен өткізіледі (түске дейін 1-кезең сағат 9-00-ден 13-00-ге дейін, түстен кейін 2-кезең сағат 14-00-ден 18-00-ге дейін);
- максималды орын саны 300.
Наурыз айында басталған ҰБТ тапсыру мерзімі маусымға дейін жалғасады. Енді сұрақтары бар қағаздар болмайды, оларды дербес компьютер алмастырады, әрбір түлек сол арқылы тест тапсырады. Тағы бір қолайлылығы, енді ҰБТ нақты датаға байланысты, ол үш айға созылады.
«10 наурыз бен 26 сәуір аралығында өткізілген ҰБТ қалауы бойынша ЖОО-ның ақылы бөліміне түсем деушілер үшін өткізілді. 6 мамыр мен 30 маусым аралығында білім беру грантын тағайындау үшін ҰБТ өтеді. Биыл алғаш рет түлектер ҰБТ - ны екі рет (мамыр, маусым айларында) тапсыра алады. Әрі қарай, ҰБТ-ның ең жоғары нәтижесімен білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу құқығын иеленеді», - деп түсіндірді Білім басқармасының спикері.
Ақмарал Айтуарова ҰБТ – ның электронды форматы-жаңа заман талабы екенін атап өтті. Біріншіден, мұндай формат тестілеуді күту стресін айтарлықтай азайтады, екіншіден, барлық оқушылардың тестті қайта тапсыру мүмкіндігі бар. Екі мүмкіндік те тегін болады.
«ҰБТ-ның жалпы ұзақтығы аппеляцияны есепке алғанда 4 сағат 30 минут (270 минут). Тестілеу уақыты-240 минут. 60 минуттық тестілеуден кейін көзге арналған жаттығулар үшін және дене шынықтыру үшін 2 минут үзіліс беріледі. 120 минут тестілеу аяқталғаннан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі. 180 минут тестілеуден кейін көзге арналған жаттығулар мен дене шынықтыру жаттығулары үшін 3 минут көлемінде үзіліс беріледі», - деді А.Айтуарова.
ҰБТ нәтижесін бұрынғыдай жұмыс күнінің соңында емес, тестілеу рәсімі аяқталған соң бірден білуге болады. Егер тест тапсырушы ҰБТ нәтижесімен келіспесе, тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут аралығында апелляцияға өтініш бере алады.
«Тест тапсырмаларының мазмұны бойынша апелляция дұрыс жауап дұрыс жауаптар кодына сәйкес келмеген, дұрыс жауап болмаған, бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмаларында біреуден артық дұрыс жауап болған, тест тапсырмасын дұрыс құрастырмаған жағдайларда қаралады. Техникалық себептер бойынша апелляцияға өтініш тестілеу барысында беріледі», - деп түсіндірді Ақмарал Айтуарова.
Талапкер тест тапсырмасының шартында дұрыс жауапты анықтауға қажетті фрагменттің (мәтін, сызбалар, суреттер, кестелер) жоқтығын анықтаған жағдайда экрандағы «техникалық апелляция» қосымшасына белгі қояды. Техникалық себептерге байланысты өтініш берген кезде бағдарлама қатені анықтайды (скриншот жасайды). Бағдарлама тоқтап қалса немесе жұмыс істемей қалуына байланысты жағдай туындаған кезде міндетті түрде тиісті акт толтырылады.
Тестілеу 120 тест тапсырмасынан 5 пәннен тұрады. Қазақстан тарихы-15 тест тапсырмасы; математикалық сауаттылық-15 тест тапсырмасы; оқу сауаттылығы-20 тест тапсырмасы; таңдау бойынша 2 бейінді пән – 35 тест тапсырмасы. Ең жоғарғы балл – 140.
Ақмарал Айтуарованың айтуынша, биыл ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді, тестілеу процесі шифрлау элементтері бар арнайы бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады, сондықтан интернетке қосылудың басқа да тәсілдері қолданылмайды. Бұдан басқа, бейнебақылау камералары арқылы тестілеуді өткізу рәсіміне тұрақты бақылау жүзеге асырылады, сондай-ақ ахуалдық орталық жұмыс істейді және жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі.
Бұрынғыдай кез-келген гаджеттерді, ұялы телефондарды, сағаттарды, сымды және сымсыз құлаққаптарды, шпаргалкаларды және калькуляторларды алып жүруге тыйым салынады.
«ҰБТ тапсырудың 1-ші әрекеті кезінде тәртіп бұзушылыққа жол берілген жағдайда екінші мүмкіндік берілмейді. ҰБТ тапсырудың 2-ші әрекеті кезінде тәртіп бұзушылыққа жол берілген жағдайда, түлек грант алу конкурсына қатысу құқығынан айырылады», - деп толықтырды А.Айтуарова.
Айтпақшы, ыңғайлы болу үшін компьютерде калькулятор, Менделеевтің және тұздардың ерігіштік кестесі орнатылады.
Биыл ҰБТ тапсыруға кететін шығын айтарлықтай қысқарады. Сұрақ кітапшаларын, жауап парақтарын және басқа құжаттарды басып шығарудың қажеті жоқ. Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінде хабарлағандай, биыл ҰБТ-да 600 миллион теңге үнемделеді. Келесі жылдары бұл сома азаяды, өйткені биыл ҰБТ-ны электронды форматқа ауыстыру шығындары болды.