Алматыда ҰБТ тапсырушыларының отырғызылуы әлеуметтік қашықтықты ескере отырып жүзеге асырылады. Оқушыларды бетперде режимін сақтауға шақырады

Бүгін Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің өкілі пандемия кезінде түлектерге тестілеу қалай өтетінін айтты.

Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің білім беру және тәрбие нысандарын бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Дина Суханберлиева Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында ата-аналар мен мұғалімдерге, сондай-ақ барлық бөгде адамдарға тестілеу пункттеріне келуге тыйым салынатынын айтты.

Айта кетейік, 6 мамыр мен 30 маусым аралығында Әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында 2 кезекпен алдын ала жазылу бойынша оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеуі өткізіледі, қатысушылардың жалпы саны – 11 337 адам.

«Барлығы 3 тестілеу залы болады, күн сайын ҰБТ-ға 600 оқушы жіберіледі. Отырғызу санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды ескере отырып жүзеге асырылады», - деп түсіндірді СЭБД өкілі Дина Суханберлиева.

Айта кетейік, ҰБТ өткізу пунктінде медициналық пункт ашылып, желдеткіш жүйесі орнатылды. Оқушылар үшін ауыз су режимі ұйымдастырылады, әрқайсысына бөтелкедегі су таратылады.

Сонымен қатар, барлық оқушылар кіреберісте бетперде киіп, қолдарын санитайзермен өңдеп, термобақылаудан өтуі тиіс.

«Адамдардың көп жиналуын болдырмау мақсатында ҰБТ-ны өткізуге ата-аналар, оқытушылар және бөгде адамдар жіберілмейді. ҰБТ қатысушыларымен бірге келмеуге шақырамыз», - деп атап өтті Дина Суханберлиева.

ҰБТ-ның қалай өтіп жатқанын онлайн-трансляция режимінде көруге болады.

ҰБТ-ға жіті респираторлық инфекция белгілері бар (жоғары температура, жөтел, мұрынның бітелуі) және басқа да инфекциялық аурулар байқалған түлектер жіберілмейді.