Қазақстанда креативті индустрия өкілдеріне арналған Qazaq Creative бірыңғай цифрлық платформасы өз жұмысын бастады. Жобаны «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырды.

Qazaq Culture порталының базасында құрылған жаңа платформа креативті индустрия субъектілерін тіркеуге, мемлекеттік органдармен өзара байланыс орнатуға және мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділікті қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық экожүйе ретінде қызмет етеді.

Платформада авторлар, дизайнерлер, суретшілер, фотографтар, музыканттар, қолөнершілер және басқа да шығармашылық мамандармен қатар, студиялар, агенттіктер, продюсерлік орталықтар, шығармашылық бірлестіктер және креативті индустрия саласында жұмыс істейтін өзге де ұйымдар тіркеле алады.

Тіркеліп, модерациядан өткен пайдаланушылар жеке кабинетке қол жеткізіп, өз профилін басқаруға, жобалары мен қызметтері туралы ақпарат жариялауға, хабарламалар алып, мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуға өтінім бере алады.

Сонымен қатар Qazaq Creative платформасы арқылы гранттық бағдарламаларға, жобаларды қаржыландыру тетіктеріне, білім беру және акселерациялық бағдарламаларға, консультациялық, сараптамалық, ақпараттық және цифрлық қолдау құралдарына қол жеткізуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ пайдаланушылар конкурстарға, питчинг-сессияларға, форумдарға, көрмелерге және басқа да салалық іс-шараларға қатыса алады.

Платформаға тіркелу үшін www.qazaqculture.com порталындағы Qazaq Creative бөліміне өтіп, тіркеу нысанын толтырып, қажетті мәліметтерді енгізу қажет. Модерациядан сәтті өткеннен кейін пайдаланушыға жеке кабинетке қолжетімділік беріледі.

«Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорында атап өткендей, Qazaq Creative платформасының іске қосылуы еліміздің креативті экономикасының цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Жоба отандық креаторларға мемлекеттік қолдау тетіктеріне қолжетімділікті кеңейтуге, шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуға, қазақстандық жобаларды ілгерілетуге және ұлттық креативті индустриялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Дереккөз: qazaqcreative.com