Қазіргі кезде Алматы қаласында шомылуға рұқсат етілген 4 орын ғана бар. Оның үстіне, мегаполис маңайында 28 шағын өзен және 26 су қоймасы бар.
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Ерлан Әлібеков қала тұрғындарын судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға және суға түсуге арналмаған орындарға бармауға шақырды.
Ерлан Әлібековтың айтуынша, «жабайы» жағажайларда шомылу келеңсіз жағдайларға әкелуі мүмкін. Полковник ата-аналардан жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне назар аударуды сұрады.
Спикер жыл сайын Алматының су айдындарында адамдар қаза болатынын атап өтті. Биылғы жылы да мұндай жағдайдан айналып өту мүмкін болмады, суда бір өлім оқиғасы тіркелді. Ерлан Әлібековтың пікірінше, тәжірибе мен бақылау нәтижесі көрсеткендей, қайғылы оқиғалар адамдардың тиісті тәртіп ережелерін бұзуынан орын алуда.
«Өткен жылы жүргізілген профилактикалық іс-шаралардың арқасында суда адам өлімі тіркелген жоқ, алайда Сайран көлінде құтқарушылар 4 адамды құтқарды», - деп хабарлады Ерлан Әлібеков.
Қала аумағынан 28 шағын өзен ағып өтеді, сонымен қатар қала ішінде 26 су қоймасы бар.
Алматыда суға шомылуға рұқсат етілген 4 орын бар, олар:
- Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы – Баум тоғайы;
- Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы – Гүлдер демалыс аймағы;
- Сайран көлі – Төле би көшесінен оңтүстік бағытта 300 метр;
- Сайран көлі – Төле би көшесінен пирске дейін оңтүстік бағытта 300 метр.
Бұл ретте, қазіргі уақытта, Д. Қонаев атындағы ҮАК-да су жоқ, ағымдағы жылы су толтыру жоспарланбаған. Сайран көлінде су толтыруды бүгіннен (25 мамыр) бастау жоспарлануда. Онда Алматы қаласының құтқару қызметінің маусымдық бекеті қойылады. Әуежай маңындағы көлде тұрақты суда құтқару бекеті жұмыс істеп тұр.
Онлайн-брифинг барысында Е. Әлібеков ТЖД қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп шомылуға тыйым салынған жерлерде 58 белгі орнатқанын хабарлады. Ал Сайран көлінде «Судағы қауіпсіздік шаралары мен ережелері туралы» билборд орналастырылған.
Жалпы, белгіленбеген су айдындарында ғана емес, таулы өзендерде де шомылуға тыйым салынған. Құтқарушы Бутаковка аумағында 2017 жылы үлкендердің қарауынсыз қалған қыздың қайтыс болғанын еске салды.
ТЖД биылғы жазда Алматы су айдындарында құтқарушылар, суда құтқару отрядының және полиция қызметкерлерінің, ҚР Ұлттық ұланының № 5571 "Оңтүстік" бөлімінің әскери қызметшілерінің күн сайын кезекшілік ететінін хабарлады. Демалыс күндері бұл жұмыс күшейтілген режимде өтеді. Тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мысалы, өткен жылы белгіленбеген орындарда шомылғаны үшін 6 адамға айыппұл салынды.
Полковник Әлібеков су айдындарында болған кезде сақталуы тиіс бірнеше ұсыныстарды айтты.
«Рұқсат етілген жерлерде ғана шомылыңыз, жағалаудан және қоршау белгілерінен алыс жүзбеңіз. Егер сіз рұқсат етілген жерде шомылсаңыз, белден жоғары суға кірмеңіз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Қайықтардан, көпірлерден және айлақтардан суға секірмеңіз. Түнгі уақытта және мас күйде шомылмаңыздар», - дейді Алматы ТЖД басшысының орынбасары.
Осы қарапайым талаптарды сақтай отырып, сіз өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтайсыз. Еске салайық, құтқару қызметінің бірыңғай телефоны – «112».