2026 жылғы 12 қарашада Алматы қаласындағы «Тұран» университетінде Қырғыз Республикасының халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың туғанына 100 жыл толуына арналған іс-шаралар аясында көрнекті қырғыз жазушысы, ойшылы және қоғам қайраткері Шыңғыс Айтматовтың бай әдеби және рухани мұрасын сақтау, зерттеу және кеңінен насихаттау мақсатында Шыңғыс Айтматов атындағы орталықтың ашылу салтанаты өтті.

Орталықты құру бастамасы Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы мен «Тұран» университеті басшылығының қолдауымен жүзеге асырылды. Жоба қырғыз-қазақ қарым-қатынастарын мәдени-гуманитарлық, білім беру және ғылыми салаларда одан әрі нығайтуға бағытталған.

Орталықтың ашылуы Шыңғыс Айтматовтың туғанына 100 жыл толуын мерекелеуге дайындық аясында өтті. Әлемнің ондаған тіліне аударылған ұлы жазушының шығармашылық мұрасы дүниежүзілік әдебиеттің ажырамас бөлігі болып табылады және халықтар арасындағы рухани бірліктің, гуманизмнің, достық пен өзара түсіністіктің символы саналады.

Жаңа орталық студенттер, оқытушылар, зерттеушілер және қалың жұртшылық үшін тұрақты жұмыс істейтін білім беру, ғылыми және мәдени-ағартушылық алаңға айналады. Мұнда әдеби кештер, ғылыми-практикалық конференциялар, тақырыптық кездесулер, кітаптардың тұсаукесерлері және Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын зерттеу мен кеңінен насихаттауға бағытталған басқа да іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

Орталықтың ашылу салтанатына «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанович Алшанов, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының кеңесшісі Қайрат Саматұлы Мұқанов, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің өкілі Алмаша Арыстановна Аренова, Түркі әлемі Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қырғызстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Атантай Ақбаров, Шыңғыс Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Абдылдажан Амантұрович Акматалиев, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің проректоры Гүлбара Бектұрғанқызы Сыдықова, Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық Ыстықкөл форумының вице-президенті Динара Есенбекқызы Жұмабаева, «Манас» Қырғыз ұлттық театрының директоры Нұрбек Талантбеков, жазушы, Шыңғыс Айтматовтың немересі Асан Ахматов, сондай-ақ Қырғызстан мен Қазақстанның қоғам және мәдениет қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым, дипломатиялық корпус пен қырғыз диаспорасының өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында жазушының өмір жолын, шығармашылығы мен қоғамдық қызметін бейнелейтін фотокөрме ұйымдастырылып, қатысушыларға оның бай әдеби және рухани мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берілді.

Сонымен қатар салтанатты лента қию рәсімі, Шыңғыс Айтматовтың бюстін ашу, құрметті қонақтардың құттықтау сөздері және Орталық қызметінің таныстырылымы өтті. Іс-шара «Тұран» университеті мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы студенттерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты.