Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Төкежановпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша онлайн-форматта қалалық штабтың отырысын өткізді. Отырысқа медициналық ұйымдардың басшылары, ЖОО ректорлары қатысты.
Алматыда еліміздегі бизнес субъектілерінің бсым бөлігі – 116 мыңнан астамы тіркелген және жұмыс жасауда. Бүгінде ШОБ қызмпеткерлерінің 88,8%-ы МӘМС жүйесіндегі деректерін өзектендірді. Мәліметтер базасында кәсіпкерлік субъектілерін нақтылау бойынша жұмыс 2021 жылдың үшінші тоқсанының соңына дейін жалғасады.
Жоғары оқу орындары мен колледждердің 15 жеңілдік санатына енетіні студенттерін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамту мәселесіне ерекше назар аударылды әрі олардың жарналарын мемлекет төлейді. Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, жеңілдік санатына орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитындар үміткер бола алады.
«Қор жеңілдік санаттарының тізімдерін жасамайтынын түсінген жөн. 15 жеңілдік санатындағы өкілдердің тізімдерін қорға уәкілетті органдар ақпараттық жүйелер арқылы жібереді. Содан кейін олар жеңілдік беру кезеңінде автоматты түрде сақтандырылады», - деді директор.
Болашақта медициналық көмек алу кезінде проблемаларға тап болмау үшін студенттер МӘМС жүйесіндегі мәртебесін Qoldau 24/7 қосымшасы, Saqtandyry жеделхат боты және fms.kz сайты арқылы тексерулері тиіс. Сақтандыру мәртебесі болмаған жағдайда, студенттер ҰБББ (Ұлттық білім беру базасы) ақпараттық жүйесіне мәліметтерді енгізу үшін өздерінің оқу орындарына жүгінулері керек. Содан соң олар күндізгі оқудың барлық кезеңінде сақтандырылады. Егер студенттер сақтандырылмаған әрі шұғыл медициналық қызметке мұқтаж болса, онда олар оқитын жерінен анықтаманы қоса отырып, 24/7 qoldau қосымшасы арқылы өтініш жіберуі керек. Мұндай жағдайларда қор уақытша сақтандыру мәртебесін бір айға сақтандыра алады.
Кеңесте қалалық қоғамдық денсаулық, білім, әлеуметтік даму, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармаларының және аудандар әкімдіктерінің басшылары тыңдалды. Кездесуге қатысушылар аталған студенттердің ұлттық деңгейдегі интеграциясы және олардың МӘМС мәліметтер базасындағы мәртебесі туралы ұсыныстарын айтты.
Кездесуді қорытындылай келе, МӘМС мәселелері жөніндегі аймақтық штабтың төрағасы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров әлемде болып жатқан пандемия мен жаңа мутацияланған штамдардың айналымы аясында халықты МӘМС жүйесімен қамту денсаулық сақтау жүйесінің стратегиялық маңызды факторы екенін атап өтті. Сондықтан аудан әкімдіктеріне қосымша шаралар қабылдау үшін бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындармен, әсіресе АМСК пункттерінде азаматтарды емханаларға тағайындау бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары мен колледждердің басшыларына өз студенттері туралы деректерді ҰБББ жүйесінде тексеруді ұсынды.
Медициналық сақтандыру қорының төрағасы Болат Төкежанов атап өткендей, бүкіл ел бойынша аймақтық штабтар ауқымды жұмыстарды атқаруда.
«Халықты міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен қамту жұмыстары жалғасуда. 2021 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша ел тұрғындарының 84,4%-ы сақтандырылған. Бірақ 2,9 миллион адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалуда. Олардың барлығының медициналық қызметтерге қолжеткізулері өте маңызды», - деп атап өтті Болат Төкежанов.