Қазақ мемлекеттік циркі ұйымдастырған қойылымдар 15 тамызға дейін жалғасады. Айта кетсек, Алматы циркі осындай шараны карантиннен кейін алғаш рет өткізіп отыр. Індет кезеңі бір жарым жыл бойы әртістерді көрермендерсіз қалдырды.

Hello CIRCUS

Hello CIRCUS жарқын шоуы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Сондай-ақ биыл 150 жылдығы атап өтілетін аты аңызға айналған палуан және цирк әртісі Қажымұқан Мұңайтпасовқа арналды.

"Алматы циркінің шығармашылық ұжымы өз көрермендерімен кездесуді ұзақ күтті, цирк әртістері онлайн мен офлайн режимінде тынымсыз жұмыс істеді. Біз циркте алматылықтар мен оңтүстік астананың қонақтарын, нағыз цирк өнерін бағалаушыларды үлкен қуанышпен күтеміз", – деп хабарлады Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев.

Цирк бағдарламасында "Номад" атты акробатикалық топтың, "Таурус" әлемдік каскадерлер академиясы (АҚШ) сыйлығының иегері Ж. Кунгужиновтың, "Мамонтенок" VI Халықаралық цирк фестивалінің алтын жүлдегері Анастасия Демидованың және "Шабыт" XX Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің бірінші орын иегері ұсынылған.

Алматы циркінің көрсетілімі барлық карантиндік талаптарды сақтай отырып өтеді: температураны тексеру, санитайзерлердің болуы, сондай-ақ медициналық бетперделер болады. Бұдан басқа, Қазақ мемлекеттік циркінің қойылымдарына кіру Ashyq жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Тәуелсіздік жылдары Алматыда бірқатар мәдениет нысандары салынды. Олар, С. Мұқановтың, Ғ. Мүсіреповтың әдеби-мемориалдық мұражай кешені (1999 ж.); Алматы қаласының тарих мұражайы (2002 ж.); Д. А. Қонаевтың мұражайы (2002 ж.); Н. Тілендиевтің мемориалдық мұражайы (2014 ж.); "Алатау" дәстүрлі өнер театры (құрылысы – 2014 жыл, театрдың ашылуы – 2016 жыл); Дәстүрлі музыканың мультимедиялық орталығы (2016 ж.); Almaty Gallery алғашқы мемлекеттік көркемсурет галереясы (2018 жыл).