«Астана Балет» Театры талғампаз көрермен қауымның назарына 6-қарашада тарту етілетін әсерлі бағдарламасын дайындады. «Бір актілі балеттер кешінде» қызықты әрі тартымды қойылымдар біріктірілген: Раймондо Ребектің «Өткенге саяхат», сонымен бірге, арнайы шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің екі туындысы - «A Fuego Lento» және «Love Fear Loss».
Бірінші бөлімде Раймондо Ребектің «Өткенге саяхат» («A Journey of a Memory») бір актілі балеті көрсетіліп, көрермен қауым адам жадының қат-қабат елестерден өрілген әлеміне сапар шегеді. Фредерик Шопен, Эцио Боссо, Филип Гласс және Фазыл Сайдың романтикалық әуендерімен сүйемелденіп, орындаушылық шеберлік пен ғажайып сценография үйлесім тапқан тартымды хореографиялық қойылым көрермен көңілін жадыратып, көкейіне қонақтайтыны айқын.
«Әрқайсымыздың естеліктеріміз бар. Олар не қуанышты, не мұңлы. Кейбірі мәңгілік жадымызда болса, кейбірі ұмыт қалады. Менің балетімнің кейіпкері – әйел. Сахнада ол шынайы адам мен оның жады ретінде көрініс табады. Ол айнаға қарап отырып, өткен шаққа оралады. Жанында әлдеқашан көз жұмған адамдар пайда болып, өткені жаңғырады. Айнаға қарап отырып, біз өзімізді ғана емес, уайым-қайғымызды, күллі өмірімізді көре аламыз. Мен таныс белгілерді, әлдебір сәттерді жаңғыртып, аудиторияның санасына әсер етуге тырысамын. Бәлкім, залда отырған адамдар қайсыбір қимылды, болмаса сахнадағы көріністі көріп, өткен шағындағы маңызды сәттерін еске алар», - деген еді хореограф, сұхбаттарының бірінде.
Екінші бөлімде көрермен назарына арнайы шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» («Махаббат Үрей Айырылу») атты туындысы көрсетіледі. Француздың дүлдүл әншісі Эдит Пиафтың өмірі мен ғаламат музыкасынан нәр алған үш ғажайып дуэт – әлімсақтан қалыптасқан классикалық дәстүрді мейлінше трансформацияға ұшырататын қазіргі заман хореографиясының жарқын мысалы. «Махаббат ұраны» әні барлық ғашықтар секілді Пиафтың да алғаш сезімге еліткен тұстағы күйін суреттейді. «Тастама мені» әні екеуара қарым-қатынаста кездесетін қиындықтар жайлы баяндайды. Ал, «Тәңірім-ай!» әнінде жақынынан айырылған адамның күйі суреттелген. Әншінің күйеуінің мезгілсіз қазасына байланысты шығарылған бұл әнде кіршіксіз махаббат сезімі үзіліп, қасірет шеккен адамның ауыр һалы суреттеледі.
«A Fuego Lento» («Баяу жалын») неоклассикалық туындысында бразилиялық балетмейстер Рикардо Амаранте қазіргі заман хореографиясының тілімен алғашқы пәк сезім, тұла бойыңызды меңдеп алатын құштарлық пен құмарлық сезімдерін суреттеуге тырысқан. Аргентиналық ұлы композиторлар Астор Пьяццолло, Пабло Циглердің музыкасы мен көркем пластика жарқын, динамикалық көрініске ұласқан. Тангоның сезімтал әуендері сахнадағы қойылымның әсерін одан әрі тереңдете түсіп, көрермен жадында мәңгілік хатталып қалады.
Іс-шара Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.