ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдауымен Medeor компаниясы қолға алған «Схема» (шартты атауы «Хардкор») фильмінің өндіріс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы түсірілім тобы өзінің инстаграмдағы парақшасында хабарлады. Кинотуындының режиссері Фархат Шарипов.
Әзірге белгілі болғандай, фильмнің постпродакшн жұмыстары (фильм өндірісінің соңғы сатысы) толығымен аяқталуға жақын. Өткен аптада «Қазақфильм» киностудиясында фильмнің дыбысына қатысты біршама жұмыстар атқарылып, кейбір актерлердің дауысы қайта жазылды. Ал дыбыстарды бір жүйеге келтіру жұмыстары (перезапись) Мәскеуде жүргізіліп жатыр екен.
Айта кетсек, аталған жобаның түсін реттеу жұмыстарына американдық түстерді түзету шебері Джеф Олм (Jeff Olm) арнайы жұмылдырылды. Ол Dreamworks, Sony, Universal, Disney, Fox және Warner Bros сынды әлемге әйгілі компаниялар шығарған 50-ге жуық фильмнің түстері және арнайы эффектілер бойынша жұмыс істеген.
Естеріңізге сала кетсек, режиссер Фархат Шарипов түсірген трилогияның екінші бөлімі – «Схема» фильмі бүгінгі жасөспіріпдердің өмірінен сыр шертетін туынды (трилогияның бірінші бөлімі – «18 килогерц». Өзінің жаңа фильмінде де режиссер бүгінгі күнгі нашақорлық дерті тақырыбын қозғағанын айта кеткен жөн.
Былтыр күз айының соңында басталған түсірілім жұмыстары Алматыда өтті. Еліміздегі эпидемиялогиялық жағдайға байланысты фильмнің түсірілімдері уақытша тоқтатылып, 2021 жылы көктемде қайта қолға алынған болатын. Фильмдегі басты рөлдерді Виктория Романова және Таир Свинцов сомдады.
«Схема» фильмі келесі жылдың күз айында үлкен экрандарға шығатын болады.
Сценарий авторы әрі қоюшы режиссері: Фархат Шарипов
Қоюшы оператор: Александр Плотников
Қоюшы суретші: Алексей Шиндин
Продюсері: Дина Жұмабек
Креативті продюсер: Юлия Ким
Фильмнің директоры: Талғат Нұриев
Кастинг-директор: Раушан Мейірманова
Рөлдерде: Виктория Романова, Таир Свинцов