ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсіріп жатқан «Жаңғырық» толықметражды фильмі үшін Алматы облысы Долан ауылының маңында «Қоянды жәрмеңкесі» декорациясы тұрғызылды. Бүгін режиссер Асқар-Мұхит Нарымбетов бастаған фильмнің түсіру тобы осы декорацияда Константин Демидов, Дулыға Ақмолда, Серік Қалиев, Максим Безкоровайный сынды актерлердің қатысуымен бірнеше сахналарды түсіреді.

«Жаңғырық» фильмі – үстіміздегі жылы  8 шілде күні өмірден өткен режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың идеясымен қолға алынға тарихи туынды. Поляк жазушысы Адольф Янушкевичтің тағдыры туралы баяндайтын «Жаңғырық» фильмі 2019 жылғы ақпан айының басында өндіріске жіберілген болатын. Сол жылы қараша айында бұл жобаның түсіру жұмыстары уақытша тоқтатылды (консервацияға қойылды). Кейін еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты фильмнің түсіру жұмыстары тек осы жылы тамыз айында қайта қолға алынды. Фильмді түсіруге режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың ұлдары – Асқар-Мұхит (қоюшы режиссер) және Ескендір Нарымбетовтер (қоюшы оператор) бекітілді.

Фильмнің продюсері Серік Ыбыраевтың айтуына қарағанда, «Қоянды жәрмеңкесінің» декорациясында түсіру жұмыстары ертеңге дейін жалғасады. Кейін фильмнің түсіру тобы Қапшағай қаласының маңында тұрғызылған Адольф Янушкевичтің жертөлесінде түсі түсіріледі екен (16 күн бойы). Фильмнің кейбір сахналары келесі жылдың көктем айларында түсіріледі.

Фильмнің түсіру тобы:

Сценарий авторлары: (Сатыбалды Нарымбетов), Нұрлан Санжар, Асқар-Мұхит Нарымбетов

Қоюшы режиссері: Асқар-Мұхит Нарымбетов

Қоюшы операторы: Ескендір Нарымбетов

Қоюшы суретші: Алексей Шиндин

Атқарушы продюсер: Серік Ыбыраев

Басты рөлдерде: Константин Демидов (Адольф Янушкевич), Дулыға Ақмолда, Андрей Белавин, Максим Безкоровайный және басқалары.