Ақпанның бесі мен алтысы күндері «Астана Балет» театрының сахнасында Надежда Калининаның хореографиясындағы «Күлше қыз» балетін тамашалай аласыз. Сергей Прокофьевтің ғажайып музыкасын қоюшы-дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрі орындайды.
Баршамызға кішкентайымыздан белгілі, кедей қызды патша балына жібергісі келмеген өгей шешесі туралы ертегі жаңа қырынан ашылып, көрермен қауымды құпия сыр мен ғажайыптарға толы атмосфераға жетелейді. Балетмейстер Н.Калинина әр кейіпкерге тән мәнерлі би, әсем вариациялар мен дивертисменттер шығарған. Классикалық балет пен заманауи би стилін біріктірген бірегей хореографияның арқасында сюжет желісін еркін танып отырасыз.
Кейіпкерлердің мінезі дәл суреттелген. Көрерменмен арадағы диалогта бишінің әр қимылы «сөз тіркесіне» айналады. Айтпақшы, балетте езу тартқызар сәттер де көп. Өгей шешесі мен оның екі қызы, олардың кавалерлері, тіпті, Ханзаданың өзі күлкілі оқиғаларға тап болады. Осы бір сәтті әзілдерінің арқасында бұл спектакль түрлі жас аралығындағы көрерменнің көкейінен шығып, ғажайып оқиғаны сүйсіне тамашалайды.
Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетовтың айтуынша, сырт қарағанда жеңіл көрінетін спектакль, шын мәнінде, өте күрделі туынды. Сол себепті, әртістердің орындаушылық шеберліктерімен қатар, актерлік ойын өрнегін де талап етеді.
Суретші Сергей Новиковтың көркем декорацияларын атап өтпеске болмас. Соның арқасында көрермен қауым шынайы өмірден сән-салтанат пен ғажайыптарға толы ертегі әлеміне қарай қадам басады. Кітап тақырыбы да жан-жақтан көрініп тұр: көлемді декорациялардан, бутафория мен ғаламат костюмдерден. Ал, Күлше қыздың хрусталь туфлиі жылтырақ стразбен көмкерілген пуантаға алмастырылған.
Шарль Перро жазып кеткен ертегі балетке арналғандай: мұнда ғажайып алмасулар да, сарай балы да, ғажайып махаббат та, түбінде жақсылық салтанат құрған қызықты оқиға да бар.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.