12 наурыз сағат 18.00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының үлкен сахнасында опера труппасының солисі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дина Дүтмағамбетованың «Өнер – менің өмірім» атты шығармашылық кеші өтеді.
Дина Дүтмағамбетова – Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының опера труппасының жарқын өкілі. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, көптеген республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты. Ол сахнада ең күрделі де алуан түрлі кейіпкерлерді – «Кармен» операсындағы нәзік Микаэлланы, Дж.Пуччинидің аттас операсындағы әміршіл Турандотты, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы мейірбан әрі көңілді Батсайыны бейнелейді. Ол лирикалық қаһармандардың бейнесінен тағдыр шешетін өктем кейіпкерлердің бейнесіне оңай ауысады. Дина Дүтмағамбетованың репертуарында толық опералық партиялардан басқа моно-опералар да, камералық шығармалар циклдары да бар. Ол репертуарына тағы бір маржан қосу үшін жаңа музыкаға әрдайым қызығушылықпен енеді.
«Бас дирижеріміз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедияров жетекшілік ететін симфониялық оркестрдің әуенімен біз көрермендер үшін концерттік бағдарлама дайындадық, оған шетелдік және орыс классиктерінің әйгілі опералық қойылымдарынан сирек орындалатын ариялар, сондай-ақ театрымыздың сахнасында ұзақ жылдар бойы қойылып келе жатқан және «Алтын мұра» репертуарына енген қазақ авторларының шығармалары кіреді». – дейді Дина Дүтмағамбетова.