25-26 наурызда «Астана Балет» Театрының сахнасында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай, «Ұлы Дала мұрасы» мерекелік гала-концерті өтеді. Ұлттық нақыштағы хореографиялық миниатюралар алғаш рет «HASSAK» этно-фольклорлы ансамблінің сүйемелдеуімен көрсетілмекші.

Театрымызды әйгілеп тұрған концерттік бағдарламаны ел ішінде ғана емес, шет елдерде де зор қошеметпен қабылдайды. Концерттік бағдарлама үнемі тың билермен толығып отырады. Ал, балалық шақтан құлағымызға сіңген әуендер бойыңды шымырлатып, ерекше күйге бөленесің.

Гала-концерт шымылдығы «HASSAK» этно-фольклорлы ансамблінің музыкасына қойылған «Тәңір сыйы - Ақ жол» хореографиялық сюитасының премьерасымен ашылады. Қоюшы-балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти пластика тілінің көмегімен Тәңір мен Ұмай ана, табиғаттың тылсым күшімен бірлесе отырып адам баласының дүние есігін ашуына септесіп, жалпы, өмір жолындағы жол сілтеушісіне айналатынын бейнелі түрде көрсетеді. Бұл – өмірлік жолыңның шырағданы, бағыт-бағдары. Көшпелі ел үшін жол киелі саналатын. Жолға шыққан көшке ғана емес, адам баласына да «ақ жол» тілеп, бұл дүниеде адаспай, өмірлік жолын табуын тілеп отыратын.

«Тәңір сыйы - Ақ жол» хореографиялық миниатюрасының драматургиясы тартымды. Мұнда заман мен ұрпақ сабақтастығы жайлы ой көрініс тапқан. Ата-баба өсиеті, мәдениеті мен дүниетанымы замандастарымыздың санасында хатталып, жан қалауымен үндесіп жатқанының куәсіміз. Яғни, халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрі өскелең ұрпақтың бойына сіңіп, жаңғырып отырғанын байқаймыз.

Костюм суретшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүслім Жұмағалиев, суретші-сценограф – Жандос Омаров.

«Астана Балет» Театры «Ардагерлер ұйымымен» байланыс орнатып, жыл сайын дәстүрлі түрде ардагерлерді Наурыз мейрамына орай қойылған спектакльдерге шақырып отырады. Биыл да осы үрдістен танбады.

Айта кетейік, 1-2 сәуірде 2022 жылғы алғашқы премьера – Стивен Райхтың музыкасына Иржи Килиан қойған «Жолдан тайғандар» («Falling Angels») бір актілі балетін тамашалауға шақырамыз.

Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.