«Астана Балет» театры көрермен назарына сәуір айының афишасын ұсынды. Осы айда балет өнерінің жауһарлары, авторлық спектакльдер көрсетіліп, симфониялық концерт өтеді.
1-2 сәуірде қазіргі заман биінің кемеңгері Иржи Килианның Стефан Жеромский қойған «Жолдан тайғандар» хореографиялық миниатюрасының премьерасы өтеді. Астаналық труппа Килианның даңқын асырған ақ-қара түсті балетін көрсететін болады. Бұл Стивен Райхтың «Drumming» дауылпаз композициясына қойылған, әйел болмысы жайлы балет. Дауылпаздың әр соққысы – бишілердің әрбір мінсіз қимылын ұштай түсіп, көрермен назарын аудартатын ішкі импульс іспетті.
Кештің екінші бөлімінде «Тағдыр бұлтарыстары» балеті көрсетіледі. Оның либреттосы мен музыкасын шығарған танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карина Абдуллина. Ал, осы туындының хореографы - «Астана Балет» театрының бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри.
9-сәуірде «Астана Балет» Театры симфониялық оркестрінің «Бетховен. Брамс. Жүрек лүпілі» атты концерті өтеді. Бірінші бөлімде Иоганнес Брамстың скрипка мен оркестрге арналған D-dur концерті орындалады. Солист – халықаралық байқаулардың лауреаты, Тұңғыш Президент қорының лауреаты Қаламқас Жұмабаева. Екінші бөлімде Людвиг ван Бетховеннің A-dur №7 симфониясы орындалады.
Осы кеште ұлы композиторлардың әйгілі туындылары орындалады. Бұл – уақыт сынынан өткен, музыканттар мен көрерменнің көзайымына айналған әйгілі шығармалар. Мұндай туындылар сөз жоқ, өзіне тартып тұрады. Қиялыңызды асқақтатып, ойға жетелейді.
15-16 сәуірде РФ еңбек сіңірген өнер қайраткері Георгий Ковтун Ақтоты Райымқұлованың музыкасына қойған, махаббат туралы дастан – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» балеті көрсетілмекші. Қойылым Қазақстандағы ғашықтар күніне орай өтеді. Қазақ халқының романтикалық эпостарының жауһары балет туындысына сұранып тұрғандай. Эпостың сюжет желісімен қойылған балетте көтерілетін жақсылық пен жамандық, махаббат пен өшпенділік, адалдық пен сатқындықтың мәңгілік текетіресі қалың көпшілікті әрдайым толғандырып, маңыздылығын жоймақ емес.
22-23 сәуірде Мукарам Авахри қойған екі актілі «Бейбарыс сұлтан» балетінің көрсетілімі өтеді. Бұл қойылымда Мысыр мен Сирияның мәмлүк сұлтаны жайлы баяндалады. Осы балетті шығаруға Қазақстанның дарынды өнер қайраткерлері ат салысты: либретто авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков, музыкасын шығарған – Хамит Шаңғалиев пен Әлібек Әлпиев.
Тарихи тақырыпта балет шығару жайлы идеяны бас серіктес – «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен, «Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау қоры» ұсынды.
29-сәуірде балет өнеріне тәнті жандар үшін «Бір актілі балеттер кеші» көрсетілмекші. Кеш бағдарламасына Дж.Баланчиннің «Серенада» және М.Авахридің «Тағдыр бұлтарыстары» қойылымы енген.
П.Чайковскийдің «Ішекті аспаптар оркестріне арналған серенада» музыкасына қойылған «Серенада» - неоклассикалық хореографияның жауһары саналады. Заман көшінен қалғысы келмейтін кез-келген әлемдік труппа бұл спектакльді репертуарына қосуға асық. Спектакль көңіліңізді бірден баурап әкетеді: мұнда «Астана Балет» театрының дарынды бишілері сахнаға алып шыққан хореографиялық қиялдың саф тазалығы сезіледі. Джордж Баланчиннің «Серенада» балеті Джордж Баланчин қорымен шығармашылық ынтымақта, Баланчин стилінің стандарттары мен техникасына сай жасалған.
Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.