2022 жылдың 29 наурызында 16.00 де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінің Орталық Көрме залында Раис Баширидің «Түс пен жарық» атты мерейтойлық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Экспозицияда 40-тан аса кескіндеме туындылары халық назарына ұсынылады.
Раис Башири 1951 жылы 25 мамырда Орынбор облысында дүниеге келген. 1990 жылдары Алматыға қоныс аударады. Бала күнінен өнер мен суретшілер жайлы кітаптарды оқығанды, қоршаған ортасын суретке түсіргенді жақсы көрген.
Белоруссияда өмір сүрген аз уақыт ішінде белгілі суретші Бидер Вольфпен танысып, алдағы өнер жолының қалыптасуына әсерін тигізген сурет өнері жайлы құнды сабақтар алады.
Р. Баширидің шығармашылық жолының бас кезеңіндегі негізгі жанры реалистік бағыттағы пейзаж жазумен айналысты. Суретшінің шығармашылықтағы өз қолтаңбасы мен көзқарасын көрсетуге деген талпынысы абстрактілі кескіндеме туындыларын жасауына алып келді.
Башири жұмыстарында әлемдік кеңістікті әртүрлі формалармен бере отырып, өзінің философиялық дүниетанымымен үйлестіреді. Жарқыраған күн сәулелері, жұлдыздардың шексіз ғаламдағы ағыны секілді кенепке салынған табиғат құбылыстары терең күшке ие.
Ғарыш тақырыбына Башири бояулардың энергетикалық әсерін және кенеп мазмұнын терең сезінуге мүмкіндік беру үшін өлшемі 1 кв.м құрайтын топтамалық туындыларды арнады.
Раистың мозайка техникасындағы кескіндемелерді және футуристік портреттерді тудыруда, әртүрлі геометриялық пішіндерді берудегі шеберлігі сезіледі.
Кескіндемедегі жеке тәжрибелерінің нәтижесінде, суретшіге 19 ғасырдағы француз пуанталист суретшілердің ықпалы тиіп, бояуды палитраға араластырмай ұсақ жағындыларды қолданатын мозаика техникасына көшеді. Р. Башири туындыны көрермен көз деңгейінде араластыру арқылы оның көптүстілігімен түстік-түзілімді реңк арқылы жеткен контраст әдісімен көрерменге ауа мен жарықты шынайы сезінуге көмектеседі. Бұл техника өте күрделі және кірпияз, өзінің сәнделуі және машақатының ауырлығы жағынан мозаикамен ұқсас.
Таныстырылған әрбір туындылардағы нүктелі техника суретшіге ерекше атмосфералылық пен кеңдікке жетуге мүмкіндік береді. Шебердің монументальді туындылары алыс қашықтықтан көруге арналған.
Раис Башири жұмыстарында ерекше геометриялық пішіндердің, фигуралардың мәнін аша білді, сондай-ақ туындының суретші ойында алғаш пайда болуынан бастап басынан кешірген эмоциялық ой-әсерлерін айқын жеткізе білді.
Көрме 2022 жылдың сәуір айының 17-не дейін жалғасады.
Көрме кураторы: Нұғыманова Ш. М.